Астананың көшелерінің бірі парсы ақыны Рудакидің есімі берілді
13.03.2018
Астанада 179-шы көше әйгілі тәжік және парсы ақыны, парсы тіліндегі классикалық поэзияның негізін қалаушы Әбу Әбдіаллах Жапар Рудаки есімімен аталды.
«Парсы ғалымы Әбу Әбдіаллах Жапар Рудаки есімін астана көшелерінің біріне беру туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің хаты Астана қаласы әкімдігінің ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы (Қазақстан мен Тәжікстан) тату-достық көршілестік қатынастарды нығайтуға көмектеседі. Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында қазақтың атақты ойшылы Абайдың атымен аталған көше бар. Ол Душанбе қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Көшеге Рудаки есімін беру туралы мәселе Астана қаласының ономастикалық комиссиясының кезекті отырысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралды және бекітілді. Астана қаласының әкімдігі «Алматы» ауданында орналасқан 179-шы көшесін қайта атауды ұсынды. Бұл көше Бейімбет Майлин көшесінен бастау алады және Бауыржан Момышұлы даңғылына табан тірейді. Осы көшеде № 51 мектеп-гимназиясы, №6 қалалық аурухана, әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй құрылыстары орналасқан», - деді мәслихат сессиясында Астана қаласының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Елордалық мәслихаттың депутаттары бастаманы қолдады және ақын Әбу Әбдіаллах Жапар Рудаки есімін 179-шы көшесіне беруге бірауыздан дауыс берді.
Рудаки парсы әдебиетінің негізін қалаушы болып саналады. Ол ертеде әнші және музыкант, сондай-ақ ақын ретінде танымал болды. Ақын Тәжікстанның Панжруд кентінде 860 жылы (мүмкін 858 жылы) дүниеге келді. Оның лақап аты «Панджрудта туылған» деген мағынаны білдіреді. Рудаки жастайынан танымал адам болған, ол айқын ақындық дарынға ие болған, шекті музыкалық аспаптарда әдемі ойнап, тамаша дауыспен мақтана алатын. Ол араб тілін жақсы меңгерген, Құран кітабы бойынша сарапшы және өте білімді болған.
Сессия отырысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.А. Аманшаев, қаланың мемлекеттік мекемелерінің басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.