Алматы ауданын абаттандыру мәселелері жөніндегі мәслихат отырысы
09.01.2024
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен мәслихат отырысы өтті.
Отырыста Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы жол инфрақұрылымын салу, аулаларды, тротуарларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыруды қамтамасыз ету, қоқыс контейнерлерін ауыстыру, көгалдандыру, газдандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеппен баяндама жасады. Аудан әкімі білім беру ұйымдарының саны, жоспарланып отырған жаңа объектілердің құрылысы, үйлерді жөндеу және т.б. туралы статистикалық деректерді ұсынды. Өз баяндамасын Мақсат Саматұлы қазіргі проблемалық мәселелерді шешу бойынша істердің жай-күйі туралы ақпаратпен аяқтады.
Заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтхожин әкімдіктің Интернациональный тұрғын алабында қоғамдық кеңістіктер салу, Мичурино тұрғын алабында жағалауды абаттандыру бойынша жоспарлары, сондай-ақ, А1 трассасы құрылысының аяқталу мерзімі туралы сұрады, онда инженерлік желілермен проблемалар бар екенін атап өтті.
Депутат Табиғат Зейнұлқабден де Интернациональный тұрғын алабына қатысты сұрақ қойды, жоспарға сәйкес Қарағанды трассасы бойында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана құрылысы жүргізілуде, ХӘОТ санатына арналған үй пилоттық жобасы қазіргі уақытта қай кезеңде?
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов аудан әкіміне медицина қызметкерлеріне арналған жатақхананың құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын сол жерге барып көру туралы ұсыныс білдірді. Каналимов инженерлік желілермен мәселе қалай шешілетінін және аудан әкімінен 10 үй бойынша ақпарат дайындауды сұрады.
Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбек Алматы ауданы үлкен аумақты алып жатқанын, мұнда белсенді құрылыс жүргізіліп жатқанын, бірақ Тельман тұрғын алабында проблемалар бар екенін атап өтті. Депутаттарға үйлер, тротуарлар, көшелер құрылысы бойынша кесте қажет, өйткені қазір бұл мәселеде айқындық жоқ. Мысалы, су құбыры желісінің құрылысы бойынша кезең-кезеңмен қаржыландыру сандарын көрсете отырып, мәлімет беру қажет. Бұл депутаттарға жағдайдың нақты көрінісі үшін қажет.
Депутат Динара Байсеркина қоқыс жәшіктерінің дизайнері кім екенін сұрады. Қоқыс алаңының үстіндегі шатырлар қандай мақсатта жасалған, оларға ақша қаражатын жұмсау қаншалықты орынды?
Ерлан Каналимов әріптесінің қоқыс жинау аймағын ыңғайлы және қауіпсіз пайдалану, әмбебап контейнерлер жасау, көше урналарының көлемін өзгерту жөніндегі ұсынысын қолдады. Сондай-ақ, мәслихат төрағасының пікірінше, шлагбаумдар бойынша мәселені шешу керек, бұл мәселені қала тұрғындары үнемі көтереді.
Каналимов бір ай ішінде депутаттар абаттандырудың жаңа ережелерін келісетінін, оған елорда тұрғындарының пікірін ескере отырып, 57 түзету енгізілгенін атап өтті.
Депутат Бекзат Жолжақсынов әкімдіктің алдағы жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратты ресми сайтта және әлеуметтік желілерде орналастыруды сұрады.
Депутат Дархан Рамазанов Силикатный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный тұрғын алаптарындағы септиктер мәселесін шешу және шаруашылық-тұрмыстық кәрізді жайластыру жөніндегі жоспарлар туралы сұрады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, депутаттар үш жыл бойы тұрғын үй алаптары мәселелерімен үнемі айналысып келеді. Қазір қаланың барлық аудандарының сандық карталары қажет. Каналимов депутаттардың жол картасын және ауданның сандық картасын біріктіріп, барлық тармақтарды орындау бойынша міндет қоюды ұсынды. Бір аптадан кейін цифрландыру басқармасы әр ауданның сандық картасын әзірлеумен айналысатын болады. Мәслихат төрағасының пікірінше, әкімнің халықпен кездесуін депутаттармен бірге жылына екі рет өткізу қажет. Бас жоспарға сәйкес төрт тұрғын алабы болмайтыны белгілі, олар өнеркәсіптік аймақтардың құрамына кіретін болады. Олай болса, оларда мектептер салудың, инженерлік желілерді жүргізудің мәні неде? Мұндай жете ойластырылмаған әрекеттерге, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға жол бермеу керек. Тұрғын алаптары мәселелері бойынша шұғыл жұмыс тобын құру қажет. РБ және ЖБ қаржыландыру туралы ақпарат қажет. Сондай-ақ, партияның сайлауалды бағдарламасына назар аударған жөн. Аулалар тізімі қажет және әкімдік депутаттармен бірге барлық мәселелерді талқылауы тиіс.
Депутат Динара Байсеркина аудан әкімінен сайлаушылардың өтініші бойынша «Шашу» балабақшасына жапсарлас салынған жаңа құрылыстағы кәріз иісін жою мәселесін шешуді сұрады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов мәслихат отырысын қорытындылай келе, ПД, ТЖД, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кешенді жоспарлары бекітілгенін, келесі аптада білім, мәдениет, спорт басқармаларының үш жылдық кезеңге арналған кешенді жоспарларын келісу жоспарланғанын атап өтті.