Тұрғын алаптарын дамыту және Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті мәселелері бойынша кезекті сессия
14.12.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен кезекті сессия өтті.
Кезекті сессия жұмысына қала әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімінің орынбасарлары, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Астана қаласындағы тұрғын алаптарды дамытудың кешенді жоспарларын орындау мәселесі бойынша Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйледі. Ол сессия қатысушыларына елордада қала халқының төрттен бір бөлігін дерлік құрайтын 300 мыңнан астам тұрғыны бар 16 тұрғын алабы бар екенін баяндады. Бас жоспарда елорданың шетінде орналасқан тұрғын алаптарында қайта құру қарқынын арттыру көзделген. Астана қаласының кезең-кезеңмен игеру шекарасына 3598 га аймақ кіреді, бұл қосылған кенттер аумағының 100% - на сәйкес. Тұрғын алаптарын дамыту үшін жол және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік объектілер тапшылығы мәселесін және абаттандыру мәселелерін шешу жоспарлануда. Бас жоспардың шешімдеріне сәйкес ауданы 488 га «Өндіріс» және «Қазгородок» тұрғын алаптарының аумақтары транзиттік теміржол магистралінің солтүстігіне қарай орналасқан өнеркәсіптік аймаққа кіреді.
Депутат Талғат Ерғалиев бұл мәселе өте маңызды болғандықтан, отырыстарда бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол №16 округте су құбыры жарылғаннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын жылдам жүргізгені үшін «Астана Су Арнасы» ұйымына алғысын білдірді. Алайда, бұдан кейін Агроқалашықтың проблемаларына назар аударуды сұрады.
Депутат Бауыржан Смайылов №15 округ тұрғындарының өтініштерін жеткізді, аталған округ аумағындағы скверлерге тиісті назар аударуды сұрады. Депутаттың пікірінше, инженерлік желілер жүргізілмесе, инвесторларды тарту өте қиын болады.
Депутат Азамат Айтхожин бүгінде шет аймақтардың мәселелерімен айналысу маңызды екенін атап өтті. Апта бойы Мичурино, Учхоз, Күйгенжар тұрғын алаптарына қызмет көрсететін автокөліктер мәселесі көтерілді. Бұрын бұл аймақтарға № 1 автобус паркі қызмет көрсеткен, ал қазір, қарамағында заманауи автобустары жоқ №6 парк қызмет жасайды. Тұрғындар тарапынан автобустардың суықтығына шағымдар түскен, автобустардың бағдарларын қайта қарау керек, өйткені ол Куйгенжар, Мичурино, Отау арқылы өтеді.
Қала әкімі депутаттардың сұрақтарына жауап берді, жақында автобус парктерінің басшыларымен кездесу өткізілгенін, олардың көбі негізінен жеке меншік екенін, парктердегі көліктердің тозғанын баяндады. Келесі жылы 300 автобус сатып алынады, яғни мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады. Қаражаттың қайда жұмсалатынын бақылау үшін шеткі аймақтар бойынша егжей-тегжейлі жоспар жасалады. Әкім аудан әкімдерімен бірге шеткі аймақтарды аралай отырып, барлық проблемалық мәселелерді шешуді ұсынды.
«Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев баяндады. Ол қаланың стратегиялық даму көрінісін ұсынды және 2023 жылдың 9 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары тұрақты экономикалық өсу тенденциясын көрсететінін атап өтті. Елорданың дамуын көрсететін негізгі индикатор жалпы өңірлік өнім болып табылады, оның көлемі қаңтар-маусым айларында 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1% - ға өскен. Өңірдің ЖӨӨ-дегі үлесі 10,1% құрайды. Өзіндік кірістің негізгі үлесі салық түсімдері болып табылады. Бұдан әрі баяндамашы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде шығыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қорытындысымен комиссия төрағасы Кендебай Адамбеков сөз сөйледі. Ол ағымдағы жылы мәслихат депутаттары алғаш рет шығыстардың басым бағыттарын ескере отырып, 2024 жылғы қаржыландыруды бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлегенін атап өтті. Елорданың 2023 жылға арналған бекітілген бюджетін 5 (бес) нақтылаудың қорытындысы бойынша кейбір бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің түзетілген бюджеті ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша екі еседен астам ұлғайды. Бұл ретте жылдан жылға қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, құрылыс басқармалары бюджет қаражатының игерілмей қалуына жол беріп келеді. Адамбеков бүгінгі күні басқармалардың, сондай-ақ қала әкімдері аппараттарының белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізу, нәтижелерді алу мақсатында ақша қаражатын жұмсау және жүргізіліп жатқан жұмыстарды аяқтау жөніндегі іс-қимылдарының жалпы көрінісін, жоспарын көруге мүмкіндік жоқ екенін атап өтті.
Депутат Бауыржан Смайылов өте маңызды мәселе талқыланып жатқанын, бюджет бойынша нақтылау бес рет қаралғанын атап өтті. Қаражатты тиімді жұмсауға қатысты депутат мысал келтірді, көгалдандыруға орасан зор ақша бөлінді, алайда Көкталдағы саябақта отырғызылған ағаштардың көпшілігі қурап қалған, сондықтан бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға назар аудару керек.
Депутат Владислав Сергеев екі айлық қажырлы еңбектің оң нәтиже бергенін, соның арқасында қаражатты жұмсаудың негізгі бағыттары анықталды деп санайтынын атап өтті. Депутаттың пікірінше, аулалардың нақты көрінісін анықтау үшін және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін аулаларды паспорттау қажеттілігі туындады. Сондай-ақ, депутат суицидтің алдын алу мәселесін көтерді, өйткені статистика бойынша ай сайын балалардың қатысуымен оқыс оқиғалар орын алуда. Осыған байланысты алдағы нақтылауда өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының санын азайтуға көмектесетін әдістемелерді, оның ішінде отандық және шетелдік әдістемелерді сынақтан өткізу үшін қаржыландыруды ұлғайту ұсынылады.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бюджеттің едәуір бөлігі әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатынын айтты. Қалада РБ, ЖБ есебінен 83 мектеп салу, негізінен ЖБ есебінен балабақшалар салу жоспарлануда. Мемлекет басшысының көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар, сондықтан «Зеленстрой» ЖШС материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Паспорттау қажет, әкім бұл мәселе бойынша депутаттармен келісетінін айтты. Балалар суициді мәселесі өте өзекті. Ішкі істер министрімен учаскелік инспекторлар штатын ұлғайту туралы келісім бар, бюджетке ауыртпалық түседі, бірақ бұл қажет шара.
Депутат Қанат Ибраев бизнес бастамасының қолдау тапқаны және консультациялық көмек көрсетуді көздейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылғаны үшін алғысын білдірді, соның арқасында кәсіпкерлерге кредиттер бөлінді, жұмыс орындары құрылды, соның арқасында оң жағалау белсенді дамитын болады. Тек тарифтер мәселесі бойынша сұрақтар туындауда, мәселені шешу керек.
Жеңіс Қасымбек депутаттарға бірлескен үлкен жұмысты аяқтағаны үшін алғысын білдірді. Әкім бүгінгі таңда бюджет теңдестірілгенін, бірлесіп белгілеген басымдықтар негізге алынғанын атап өтті. Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нүктелі проблемалық мәселелер бар. Келесі жылы екі жылу, сондай-ақ электр энергиясы көздерін, кәріз жүйесін салу жоспарлануда. Биыл көптеген стратегиялық құжаттар дайындалды. Қаланың дамуына байланысты 3-ЖЭО іске қосылды, бұл істе депутаттардың үлесі зор. Көптеген мәселелер шешілді, алайда алдағы үш жылдықта әлі де үлкен жұмыс күтіп тұр.
Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын келісу мәселесі бойынша қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндады. Ол Астана агломерациясының ағымдағы жағдайына талдау жасады. Іргелес аумақтарды абаттандыруды жақсартуға бағытталған барлығы 63 іс-шараны іске асыру жоспарланған.
Депутат Талғат Ерғалиев жыл сайын халық ағыны мен автомобильдер ағыны артып келе жатқанын атап өтті. Депутаттың пікірінше, жоғары жылдамдықты жол құрылысынсыз бұл мәселе шешілмейді.
Нұрлан Нұркенов қазір Астана Бас жоспары мекемесі шетелдік әріптестермен кешенді көлік схемасын әзірлеп жатқанын атап өтті. Пікірлер екіге бөлінді, әртүрлі тұжырымдар бар, жолдар санын азайту және қоғамдық көлікті дамытуға баса назар аудару жөнінде ұсыныстар бар. Нұркенов мәселені талқылауды бірлескен жұмыс қорытындылары дайын болған кезде, келесі жылдың басына қалдыруды ұсынды.
Кезекті сессияның жалпы отырысы барысында басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.