Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің бюджет жобасын талқылауы туралы
14.11.2023
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау бойынша заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев депутаттарды ішкі істер, нашақорлықтың алдын алу, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, ішкі және жастар саясаты, дін, қорғаныс істері салаларындағы алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды шығыстар туралы хабардар етті.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марат Күлдіков халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру бойынша міндеттерді орындауға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупін азайтуға қаражат бөлінгенін баяндады. Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар кезінде биік ғимараттардағы адамдарды құтқару үшін қажет арнайы техника, яғни көтергіштер сатып алу қажеттілігі бар. Күлдіков өрт сөндіру бөлімдеріне арналған жеті ғимарат пен тиісті мүлік алуда көрсеткен көмек үшін депутаттарға алғысын білдірді. Еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жауынгерлік арнайы киімге қатысты мәселе бар. Сондай-ақ, ол арнайы техника сатып алу бойынша проблемалық мәселелер жөнінде таныстырумен альбом дайындалғанын хабарлады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов тыныс алу аппараттары мен 1000 С градусқа төтеп беретін арнайы киімдер сатып алу қажеттілігін қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, алты өрт сөндіру бөлімдері бойынша ЖСҚ дайын екенін хабарлады. Жұмыс істеп тұрған бұл бөлімдерде ұзақ жылдар жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Депутаттар модульдік өрт сөндіру бөлімін салу бойынша тәжірибені зерделеу мақсатында Ақтөбеге іссапардан кейін мәселені қарайтын болады.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов азаматтық қоғам институттарын нығайтуға және қолдауға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Қаржыландыру тұрғысынан проблемалық мәселелердің ішінде ҚХА-на қатысты кейбір мәселелерді атады.
Ерлан Каналимов жаңадан тағайындалған басқарма басшысынан Орталық коммуникация қызметтерінің материалдық-техникалық базасы туралы сұрады, оны жақсарту қажет. Сондай-ақ, «Елорда ақпарат» ЖШС материалдық-техникалық базасын, 15 жыл бойы ұйымның қарамағында пайдаланылып келе жатқан автокөлікті, компьютерлерді, камераларды, фотоаппараттарды ауыстыру қажет екенін, себебі олар қазіргі заманғы талаптарға сай келмейтінін атап өтті. Ол ұйымның қажеттіліктеріне назар аударуды сұрады. Сонымен қатар, мәслихат төрағасының пікірінше, 30 мәдени мекемемен өзара іс-қимыл жасайтын қалалық Ассамблеяға шағын концерт залы қажет, ол жерде ҚХА-ның барлық іс-шараларын өткізуге болады.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Эльдар Данияров депутаттарға бюджеттік өтінімдердің басым бөлігін қолдағаны үшін алғысын білдірді. Алдағы уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысы өтеді. Осыған байланысты қосымша техника сатып алу қажет. Сондай-ақ, ол Есіл ауданының ғимаратында орналасқан жаңа аудандық бөлімнің құрылуына байланысты мәселелер туралы баяндады.
Депутат Бауыржан Смайылов қала шетінде бейнекамералар орнатуға қатысты сұрақ қойды. Бұлардағы ақпарат орталыққа шоғырландырыла ма.
Депутат бұл процестің қалай жүріп жатқанын көрсетуді сұрады, өйткені депутаттар өз сайлаушыларын хабардар етуі керек.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Рамзия Өмірбаева қалада кәмелетке толмағандардың қатысуымен жолдарда жазатайым оқиғалар көп орын алатынын айтты. Бұл мәселеге ерекше назар аудару керек.
Депутат Мәдина Әжікенова учаскелік инспекторлар штатын ұлғайтуды ұсынды, өйткені, мысалы, 4-ші округте учаскелік инспекторлар жетіспейді, соның салдарынан инспекторлардың әрқайсысы 20-ға жуық көшеге бақылау жүргізуге мәжбүр, бұл өте үлкен жүктеме.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов сондай-ақ Есірткіге қарсы күрес басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға назар аударуды сұрады. Қазіргі уақыт талабына сәйкес олар интернет кеңістігінде жұмыс істейді, оларға қуатты заманауи компьютерлер қажет. Полиция бөлімшелерін аралау барысында олардың көпшілігі қызметкерлердің жұмысы үшін ең қарапайым жағдайлармен жабдықталмағаны, қажетті жиһаз, санитарлық тораптар жоқ екендігі, үй-жайларға жөндеу жұмыстары қажет екендігі анықталды. «Полицияның сервистік моделі» жобасын іске асыру барысында заманауи талаптарға сәйкес келетін үй-жай салынды, бұдан былай да осындай ғимараттар салу қажет. Сондай-ақ, мәслихат төрағасы мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Цифрландыру басқармасымен бірлесіп депутаттар 100 мектепті аралады, кейбір мектептерде бейнебақылаумен қамтылмай қалған аймақтар кездеседі, сонымен қатар бірнеше мектеп ЖБО-ға қосылмаған. Осыған байланысты бейнекамералармен толықтай жабдықтау мәселелерін шешу қажет.
Қорғаныс істері департаментінің басшысы Айдын Сағынбеков бірінші нақтылауда басқарма іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін жеңіл автомобильдерді сатып алуға бюджеттік өтінімді қолдауды сұрайтынын айтты.
Депутат Сәуле Самидиннің пікірінше, әскерге шақырылушылар мәселесіне кешенді түрде қарау керек. Патриоттық тәрбие басқа деңгейде жүргізілуі керек, ескі әдістер жарамайды. Патриоттық тәрбие саясатын қайта қарау керек, мысалы, мамандармен өзара іс-қимыл жасау, Қарулы күштер қатарында қызмет ететіндер үшін қандай артықшылықтар болатыны туралы жастарды хабардар ету іс-шаралары қажет.
Комиссия төрағасы Азамат Айтхожин мамандарды, сарапшыларды тарта отырып, нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді бағдарлама құруды, осы мәселені бейінді комиссия отырыстарының бірінде жеке қарауды, онда бағдарламаның таныстырылуын тыңдауды, мамандарды, ҮЕҰ, ІІД өкілдерін шақыруды ұсынды.