Тұрақты комиссияның 2024-2026 жылдарға арналған елорда бюджетінің жобасын талқылау бойынша отырысы
09.11.2023
Қалалық мәслихатта Владислав Сергеевтің төрағалығымен Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау бойынша құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а. Алмат Сейтқұлов депутаттарға елорда бюджетінің бес жылға даму параметрлері туралы баяндады. Сондай –ақ, ол құрылыс, сәулет, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және т. б. салалардағы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде шығыстардың жалпы көлеміне егжей-тегжейлі тоқталды.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев ішкі істер, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, инженерлік-коммуникациялық жүйе объектілерін, мектептерді дамытуға, жұмылдыру даярлығы объектілерін дамытуға, жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер сатып алуға қосымша қажеттілік туралы баяндады.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев қаражаттың бір бөлігін көп пәтерлі тұрғын үйлерге (КПТҮ) бөлуді қолдауды және мәселені жабуды ұсынды.
Депутаттар уәкілетті органдардың бөлінуі тиіс пәтерлер санын айқындағанда қандай факторды негізге алғанын сұрады. Осынша пәтерлерге қажеттілік бар ма? Депутаттардың пікірінше, мәселені толығырақ зерделеу қажет.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ДСК құрылысына қатысты мәселені нақтылауды сұрады, қазір екі объект аяқталып, екі объект жобалануда. Ол жаңа ғимараттарда спорт залы мен акт залының рөлін қатар атқара алатын модульдік зал қарастыруды ұсынды. Каналимов бюджетте алты өрт сөндіру депосын қайта жаңғыртуды бастау үшін қаржыландыру көзделмегенін атап өтті. «Жедел-құтқару жасағы орталығы» жобасы үшін қолайлы жер учаскесін таңдау керек, «жайлы мектеп» жобасын (барлығы 15 мектеп) аяқтау үшін, оның ішінде абаттандыру, камераларды қосу, әр жағынан кіреберістер көздеу мәселелерін шешу қажет. Сондай-ақ, мәслихат төрағасы Сарыбұлақ өзенін абаттандырумен кім айналысатынын нақтылауды сұрады, 250 метр қалды, жұмыс 2019 жылдан бері жүргізілуде. Есіл өзенінің салалары бойынша мәселе 2006 жылдан бастап шешіліп келеді, алайда әлі аяқталмаған.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев екі КПТҮ және ДСК бойынша жұмысты аяқтауды ұсынды және Учхозда емхана салу жоспарда бар-жоғын сұрады.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Ерлан Бердалин басқарма сегіз бюджеттік бағдарламаны іске асырып жатқанын, Сарыбұлақ өзенінің мәселелерін шешу, дендрологиялық жоспарды әзірлеу, Жасыл белдеуді дамыту, қаланы абаттандыру, Мәңгілік ел даңғылын, Кіші Талдыкөл көлінің бесінші учаскесін реконструкциялау үшін қосымша қажеттілік туралы баяндады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов уәкілетті органның қаладағы жалғыз өзен - Есіл өзені мен оның салаларына қатысты жоспары туралы сұрады. Есіл өзені 2016 жылдан бері тазаланбаған. Қалада соңғы төрт жылда 60 шағын саябақ пен скверлер салынды, олардың 80% - ы аудан әкімдіктерінің балансында, алайда суару ұйымдастырылмаған, жасыл желектердің құлауы орын алуда. Бұл ретте скверлерді салумен айналысатын бірде-бір компания сапасыз жұмысы үшін жауапқа тартылмаған, тексеру жүргізілмеген. Бұрын нашар жұмысымен көзге түскен кейбір ұйымдар скверлер салу бойынша қызметтерін жалғастыруда.
Депутат Абзал Сағымбаев басқармаға Нұра каналы бойындағы жер учаскелерін жеке меншік иелерге бермей, жасыл аймақтарды дамыту үшін сақтап қалуды ұсынды. Бұл мәселеде ашықтық болуы керек.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов болжамды бюджет туралы баяндады. Басқарманың қызметі 11 бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Қосымша қажеттілік автономды жылу жүйесі бар тұрғын үйлерді субсидиялау, ескі тұрғын үйлерді бұзу, «7 бөшке» тұрғын үй кешенінен бастап қасбеттерді күрделі жөндеу жұмыстары, тұрғын үй сертификаттары үшін қажет. Саипов депутаттардың қатысуымен қасбеттерді жөндеу, кезектілікті анықтау, түс бойынша шешім қабылдау мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы құрылатынын атап өтті.
Депутат Бауыржан Смайылов басқармаға бұзуға арналған объектілер тізбесіне Күлтегін көшесі бойындағы үйді міндетті түрде енгізу қажеттілігін ескертті.
Депутат Сәуле Самидин қасбеттерді жөндеу мәселесі туралы сұрады, «7 бөшке» тұрғын үй кешенінен басқа қасбеттерді ауыстыруды қажет ететін үйлер бар, бұл туралы депутаттар жарты жыл бойы түрлі отырыстарда айтып келеді.
Үйлері өртеніп, жалғыз баспанасынан айырылған тұрғындар тобы мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовқа жүгінді. Каналимов бұл мәселені жеке отырыста қарастыруды ұсынды.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Шабданов кірме жолдарды, көшелерді салу, инженерлік инфрақұрылымды салу және реконструкциялау, жолдарды, көпірлерді, жол айырымдарын жөндеу, жолдарды ағымдағы жөндеу, техникалық реттеу құралдарын реконструкциялау, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша қаржыландыру қажеттілігі бар екенін баяндады.
Депутат Сәуле Самидин Қайсенов, Бұхар жырау көшелеріне назар аударуды сұрады, өйткені жақын жерде БИНОМ мектебі орналасқан, оның айналасында КПТҮ құрылысы жүріп жатыр, көше жарықтандырылмаған, белгілер жоқ, жүргізушілер қатты жылдамдықпен жүреді, бұл балалар үшін қауіп төндіреді.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев орталық көшелердің жолдарын жөндеуге бюджетте қаражат қарастырылғаны, ал шет аймақтардағы жолдарды жөндеуге қаржы бөлінбегені туралы сын айтты.
Депутат Табиғат Зейнұлқабден Пушкин көшесін жөндеу мәселесін көтерді, жоба жосықсыз мердігердің кесірінен тоқтап тұр.
Владислав Сергеев басқармадан Көктал, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарындағы жолдарды жөндеуге қосымша қажеттілік туралы ақпарат беруді сұрады, депутаттар бұл мәселені қарайтын болады. Қажетті сома туралы ақпарат керек, бірақ ақшаның нақты қайда кететінін көрсету қажет.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Қанафин эпизоотияға қарсы іс-шаралар, жануарларды уақытша ұстау, үйсіз жануарларды сәйкестендіру шаралары, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу бойынша бағдарламаларға қосымша қаржыландыру қажет екенін баяндады.
Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Закарин сумен жабдықтау жүйесін дамытуға қосымша қаржы сұрады.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев депутаттардың Кирпичный тұрғын алабындағы кәріз желісінің құрылысы, оның ішінде округтер бөлінісінде ақпарат сұрағанын еске салды.
Депутаттар Индустриалды паркте желі салу мәселесін көтерді, өйткені кәріз желісі болмаса, өзен арнасын тазартудың мағынасы жоқ.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Алтынбек Ахметовке сөз беріп, халықпен байланыстың болмауы жөніндегі мәселені шешуді сұрады. Осыған байланысты шағымдар көп.
Алтынбек Ахметов «Астана Жарнама» ведомстволық бағынысты ұйымының қажеттіліктеріне сұралған қаржы сомасының түгелдей қолдау таппағанын, су қорғау аймақтары мен белдеулеріне қатысты қайта бекіту мәселесі шешіліп жатқанын баяндады. Бас жоспарда инженерлік құрылыстар көзделген, ал іс жүзінде ол жерде су жатқан жағдайлар кездеседі.
Депутат Абзал Сағымбаев депутаттар бұған дейін өзен мен салалар, каналдар бойынша су қорғау аймақтарына қатысты ұсыныс айтқанын атап өтті. Каналдар, өзендер және салалар маңында саябақ аймақтарын орналастыру үшін жер учаскелерін сақтап қалу керек. Ол жер учаскелерінің жеке адамдарға берілмеуі үшін бұл мәселені бақылауға алуды сұрады.