Республика мәслихаттары депутаттарының жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кездесуі
19.10.2023
Астанада елордалық Достық үйінде «Астана қаласы мәслихатының жұмысын ұйымдастыру және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру тәжірибесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында реформаларды іске асыру жөніндегі заңнама мәселесі» тақырыбында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровтың бірлескен авторлығымен шыққан «Мәслихат депутаты қандай болуы керек» кітабының тұсаукесері өтті.
Пленарлық отырысты Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов ашып, «Астана қаласы мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқарудың рөлін арттырудағы тәжірибесі туралы» баяндама жасады. Ерлан Каналимов депутаттық корпустың атқарушы органдармен өзара тиімді іс-қимылы жөнінде білімдерімен бөлісті. Елордалық мәслихат төрағасы мысал ретінде денсаулық сақтау, полиция және ТЖ қызметі салаларын дамытудың бірлескен кешенді жоспарларын, сондай-ақ қарт азаматтарды қолдауды көздейтін «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасын атап өтті.
Жарыссөзде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және облыстық мәслихаттардың төрағалары Сайлаубек Ещанов, Жаңбырбай Матаев, Владимир Бубенко, Бахадыр Нарымбетов, Денис Рыпаков және т. б. сөз сөйледі.
Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры, «Мәслихат және әкімдік» журналының редакторы Әбікен Тоқтыбеков мәслихат депутаттарын үздіксіз оқыту тұжырымдамасы туралы айтып өтті.
Отырыс соңында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев келесі жылы атап өтілетін Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығын мерекелеуге дайындық туралы баяндады.
Кездесу барысында мәслихат төрағалары Астана қаласы мәслихатының жұмыс тәжірибесімен танысып, бірқатар объектілерді аралады, олардың ішінде 700 орындық Оқушылар сарайына, Астана қаласы әкімдігінің «IKOMEK 109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығына, мәслихаттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне барып қайтты, сондай-ақ оларға бірқатар цифрлық қызметтер көрсетілді.