Внеочередная сессия по уточнению бюджета столицы
03.10.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен бюджетті нақтылау мәселелері жөнінде кезектен тыс сессия өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы барысында айтылған сын-ескертпелер 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде ескерілгенін атап өтті. Дәстүр бойынша шығындардың негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмекті қамтамасыз етуді, мүгедектерді әлеуметтік қолдауды, атаулы көмек көрсетуді, спортты дамытуды, қоғамдық көлік шығыстарын субсидиялауды, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сумен, электрмен жабдықтау жүйелерінің қызметін және т. б. қосымша қаржыландыру қолдау тапты.
Мәслихат төрағасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы барысында барлығы 38 ескерту айтылғанын, олар негізінде бюджет жобасында ескерілгенін атап өтті.
Депутат Владислав Сергеев басқарма басшысына шапшаңдық танытқаны үшін алғысын білдірді. Әлеуметтік тұрғын үй салу мәселелерін депутаттар бір ай бойы талқылады және бұл нәтиже берді. Депутат көтерген екінші мәселе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты болды, соңғы уақытта қалада балалармен байланысты екі оқиға орын алған. Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын талқылау үшін әртүрлі тұрақты комиссиялардың мүшелерінен жұмыс тобын құруды ұсынды. Автотұрақ мәселесіне қатысты, депутаттың пікірінше, жұмыс тобына депутаттарды кіргізу қажет, бұл мәселені қосымша талқылау керек.
Бірлескен отырыста депутат Бауыржан Смайылов қаржының аудан әкімдіктеріне біркелкі бөлінбеуіне қатысты пікірін айтты. Ол Сарыарқа ауданына соманың ұлғаюына қанағаттанушылығын білдірді.
Депутат Талғат Ерғалиев сумен жабдықтау жүйесін дамытуға, жол инфрақұрылымын дамытуға орасан зор қаржы сомалары бөлінгенін атап өтті. Басқармалар оларды жыл соңына дейін игере ала ма деген сұрақ туындайды.
Мәслихат төрағасы екі басқарма бірлескен отырыста игеру бойынша сұрақтарға жауап бергенін, бүгін қойылған сұраққа ОЭКБ мен аудан әкімдіктері жауап беретінін атап өтті.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов игеру 100% болады деп уәде берді, «Есіл» ауданының әкімі Асылбек Есенбаев та депутаттарды ақша қаражатының толық игерілетініне сендірді.
Депутат Азамат Айтхожин оңалту орталығы үшін ғимарат сатып алу процесінің созылуына алаңдаушылық білдірді.
Депутат Нұрлан Өтешев ойын алаңдарындағы көптеген пандустар жарамсыз болып қалғанын айтты. Депутаттың келесі сұрағы «Триумф авеню» ТК-нің әлі күнге дейін желіге қосылмаған көше жарықтандыруына қатысты болды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб мәслихат шешімдерінің үш жобасы бойынша баяндады. Ол Қала ережелерін Әлеуметтік кодекске және уәкілетті орган әзірлеген Үлгілік қағидаларға сәйкестендіру қажеттігі туралы айтып өтті.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының м.а. Жанар Бескемпірова мәслихаттың «Астана қаласының аумағында жасыл желектерді құру, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі бойынша баяндады.
Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндады. Саипов әлеуметтік объектілердің тізімін ұсынды, олардың ішінде көппәтерлі тұрғын үй кешендері, сквер, бірқатар көшелер, арнайы тас жол, кіші айналма жол бар.