Депутат күні
15.09.2023
«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ базасында Владислав Сергеевтің төрағалығымен Депутат күні өтті, онда 2030 жылға дейін сумен жабдықтау және кәріз желілерін дамыту жоспарларын қоса алғанда, қалалық инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамытудың перспективалық жоспары талқыланды.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршы сөз сөйлеп, елорданың жаңа бас жоспарының жобасын талқылау бойынша қоғамдық тыңдаулар өткенін хабарлады. Басқарманың сайтына тұрғындар мен қалалық урбанистер қауымдастығы мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстары түсті. Жоспарда елорданы жаңғырту және қаланы кешенді дамытудың негізгі бағыттары көзделген. Онда қолайлы орта құруға, көгалдандыруға және ғимараттардың бірыңғай дизайн кодына баса назар аударылатын болады. Одан әрі құжат тәуелсіз сараптама жүргізу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және бекіту үшін ҚР Үкіметіне жолданады.
Ғылыми-зерттеу жобалау институты директорының орынбасары Еркебұлан Файзулаев мәслихат депутаттарына қоғамдық тыңдаулар барысында елорданы дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарының жобасы таныстырылғанын баяндады. Жаңа жоспардың жобасын әзірлеуде елорда халқының белсенді өсуін ескеру тапсырылған. Жыл сайынғы халықтың өсуі 50 мыңнан астам тұрғынды құрайды.
Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов 2021-2022 жылдары нөсерлі кәріз жүйесін дамыту жөніндегі істердің жай-күйі туралы хабардар етті. Ағымдағы жылы 7 жобаны іске асыруға ақшалай қаражат бөлінді, 4 объектінің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарлануда.
Отырыс барысында мәслихат депутаттары қаладағы су тапшылығы, су бұру желілері мен нөсер кәрізінің тозу проблемалары мәселелерін көтерді. Бұл мәселелер табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтерге тарифтерді оңтайландыруға, салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру тәртібін өзгертуге және елордадағы тұрғын үйді жаңарту үшін қала иелерінен жер учаскелерін сатып алуға қатысты сараптамалық қоғамдастықпен және тұрғындармен талқылауды талап етеді.
Сонымен қатар, депутаттар сайлаушылармен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі үшін Ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы саласындағы өзгерістер туралы жүйелі түрде хабардар етіп отыру қажеттігін атап өтті.