Елордада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету
31.08.2023
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Депутаттар Астана қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы есепті тыңдады. Астана қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының және қала аудандары полиция басқармаларының басшылары сөз сөйлеп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады, өткен жеті айдағы статистикалық деректерді келтірді. Жергілікті полиция қызметінің жұмысында белгілі бір жетістіктер бар екендігі атап өтілді. Аудан басқармаларының басшылары атап өткендей, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл және мәслихат депутаттарының қолдауы арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтхожин жұмыс туралы есептерден басқа, проблемалық мәселелер туралы ақпарат және ықтимал шешу жолдары туралы ұсыныстар беру қажеттілігіне басшылардың назарын аударды. Төрағаның пікірінше, жетінші сайланым депутаттары қысқа мерзім ішінде полиция қызметінің көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерін шеше алды. Жаңа сайланымдағы халық қалаулылары осы дәстүрді жалғастыруға және полиция жұмысының сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге дайын. Сондықтан отырысқа барлық мүдделі құрылымдық бөлімшелердің басшылары шақырылды.
Депутат Кендебай Адамбековтың айтуынша, мұндай отырыстарға полиция қызметкерлерінің жағдайын жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалуы үшін Полиция департаментінің басшысын шақыру қажет. Депутаттар барынша қолдау көрсетуге, жұмыс тобын құруға, қаланың әр ауданының ерекшеліктерін ескере отырып Жол картасын әзірлеуге дайын. Сондай-ақ, депутат аудандық полиция басқармаларына бір мандатты сайлау округтерінің депутаттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді ұсынды. Қазіргі уақытта полицейлердің жалақысы көтерілді, ендігі кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет.
Отырыс барысында депутаттар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар санының өсуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, деструктивті ұйымдардың мүшелеріне назар аударуды сұрады. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде Сергек жүйесінің бейнекамераларын қолдану өте маңызды, олар қаланың шеткі аймақтарында жетіспейді, көбінесе сол аймақтарда синтетикалық есірткі салу жиі орын алады.
Депутат Владислав Сергеев шешілмейтін мәселелер жоқ екенін атап өтті. Депутаттардың көмегімен Сарыарқа ауданы полиция басқармасына, ЖҚАЖ-ға үй-жайлар бөлу мәселесі және басқа да көптеген мәселелер шешілді. Қалалық Жол картасы әзірленді, оның шеңберінде полиция пункттеріне үй-жайлар беру жөніндегі мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажет. Цифрландыру басқармасының көмегімен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді назарға алып, мейрамханалардың рейтингтік жүйесін құру қажет, СОС пункттеріне келетін болсақ, пункттерді құру тиімділігін талдау қажет. Депутат аталған барлық мәселелерді Жол картасына енгізуді және оларды шешуге кірісуді ұсынды.
Депутат Талғат Ерғалиев халықтың полицияға деген көзқарасы оң бола түсуде, бұл құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігіне тікелей әсер етеді деп есептейді. Агроқалашық тұрғын алабынан сайланған депутат бүгінде қираған үйлерде есірткі салу оқиғаларының жиі кездесуі күрделі мәселе болып табылатынын атап өтті. Ауданда бейнекамералар қажет, сондай-ақ депутат 2ГАЖ-де тәртіп бұзушылықтар жиі орын алатын кафелер мен мейрамханаларды қызыл түспен белгілеп қоюды ұсынды.
Депутат Бауыржан Смайылов әріптесін қолдап, қала шетіндегі полиция жұмысы халықты қанағаттандырмайтынын атап өтті. Мәселен, жақында қала әкімінің Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында полицияның жұмысына қатысты сұрақтар көп болды.
Комиссия төрағасы Азамат Айтхожин полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби деңгейін көтеруі тиіс екенін және оларға психологтың көмегін ұсыну қажет екенін атап өтті. Учаскелік инспекторларға қызметтік пәтерлер бөлу және тұрғын алаптарындағы бейнекамералар санын көбейту мәселелерін шешу қажет.
Депутаттар халықтан келіп түскен шағымдардың саны және олар қалай шешілді, азаматтардың полиция қызметкерінің іс-әрекетін видеоға түсіруге құқығы бар ма, азаматтардан келіп түскен барлық шағымдар тіркеле ме және т. б. туралы бірқатар сұрақтар қойды.
Отырысты қорытындылай келе, Азамат Айтхожин ағымдағы жылдың қыркүйек айында нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жеке отырыс өткізілетінін мәлімдеді.