Кендебай Адамбековтың төрағалығымен Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті
23.08.2023
Депутаттар көтерген бүгінгі өзекті мәселе – сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету, оның жұмысының тиімділігі және субсидиялау. Жұмысқа бару, жұмыстан қайту және қала бойынша басқа да жол жүрулер қала тұрғындарының басты қажеттілігі болып табылады, бұл елорда тұрғындарының ажырамас қажеттіліктерінің бірі деп айтуға болады. Бұл ретте қаланың депутаттық корпусы тұрғындарды жай ғана көлікпен қамтуды ғана емес, сондай-ақ қалада жалпы тазалық пен қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтай отырып, жайлылықты қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету қызметі үлкен бюджет қаражатының құйылуын талап ететіндіктен, субсидиялау мәселелерін қарастырмас бұрын, депутаттар қоғамдық көлік қызметінің негізгі проблемаларын анықтады.
Олар:
автобустардың тапшылығы;
тармақталмаған маршруттық желі;
айналымдардың болмауы;
автобустардың бос жүрісі;
аялдамалардың жай-күйі (қаладағы жылы аялдамалар жалпы аялдамалар санының 17%, кей жерлерде аялдамалардың мүлдем болмауы);
автобустардың қозғалыс аралықтарын сақтамауы, әсіресе, «қарбалас сағаттарда»;
жолаушылардың билетсіз жүруі, соның салдарынан автопарктер жыл сайын шамамен 3 млрд. теңгеге кем кіріс алады, сол себепті тарифтерді көтеру қажеттілігі туындайды.
Сонымен қатар, депутаттардың ұсынымдары бойынша, әсіресе «Шетсіз қала» жобасы аясында көп нәрсе жасалды, мысалы, қыркүйек айының ортасына қарай Көктал-1,2 тұрғын алаптарынан екі маршрут іске қосылып, 28 жылы аялдама пайдалануға беріледі. Қоғамдық көліктер сатып алу жоспарында электробустарға көбірек көңіл бөлу ұсынылады, ол үшін автобустарды электрмен зарядтауға арналған 30 станция салынуда.
Жүргізушілер үшін жағдай жасау, олардың жалақысын ұлғайту, емдік жәрдемақы бөлу мүмкіндігі жөніндегі мәселелер қызу талқыланды, жатақхана салу үшін жер телімін бөлу, соңғы аялдамаларда жүргізушілерге арналған тамақ қабылдау және гигиеналық рәсімдер үшін тұрмыстық жағдайлар жасау ұсынылды.
Нәтижесінде, субсидиялар бөлу мәселесін қарау үшін мәслихат уәкілетті атқарушы органға қоғамдық көліктің кірістері/шығындары мен қажеттіліктерінің нақты сандық көрсеткіштерімен талдамалық анықтама әзірлеуді тапсырды.