Елорда көшелеріне атаулар беру жөніндегі жария тыңдаулар
16.08.2023
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожинның төрағалығымен Астана қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру және олардың атауын өзгерту мәселесі бойынша жария тыңдаулар өтті.
Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Есіркеп Сәкен қалалық ономастика комиссиясының қарауына келіп түскен, елорданың көшелеріне, өзге де құрамдас бөліктеріне атаулар беру жөніндегі ұсыныстар туралы баяндады.
Мәселен, 29/1 жобалық көшесін мұнай - газ саласының дамуына зор үлес қосқан ҚР экс - Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевтың есімімен атау, Е-13 жобалық көшесіне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың есімін беру ұсынылған. Сонымен қатар, «Алматы» ауданындағы жобалық көшелерді Қазақстанның тарихи орындары, өзендері, таулары мен шатқалдарының құрметіне атау туралы ұсыныстар қаралды.
Талқылауға мәслихат депутаттары қатысты, олар қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұсыныстарын қолдады.
Жария тыңдаулардың қорытындысы бойынша хаттама әзірленіп, қалалық әкімдіктің интернет – ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын болады.