Ағымдағы жылдың 10 тамызында Владислав Сергеевтің төрағалығымен қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті
10.08.2023
Ағымдағы жылдың 10 тамызында Владислав Сергеевтің төрағалығымен қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жол кептелістері (автокөлік кептелісі) проблемасын шешу және Астана LRT жобасын іске асыру перспективалары мәселелері жөніндегі отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының, «City transportation systems» ЖШС, «LRT құрылыс дирекциясы» ЖШС басшылары баяндады.
Баяндамашылар атап өткендей, көлік проблемаларын шешу үшін ағымдағы жылдың қазан айының аяғы мен қараша айының басында Тәуелсіздік даңғылын Шәмші Қалдаяқов көшесімен жалғайтын көпір арқылы көлік жолын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл Мәңгілік ел даңғылындағы қозғалыс жүктемесін азайтады. Ш. Айтматов көшесін Ұлы дала даңғылына қосу Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарында көлік ағынын азайтады және одан әрі Мәңгілік ел даңғылындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы Н. Тілендиев – Ш. Бейсекова жол айрығының құрылысы аяқталады.
Жеңіл рельсті көлікпен Астана әуежайынан Қабанбай батыр даңғылы, Сығынақ және Шамшы Қалдаяқов көшелерімен «Нұрлы жол» вокзалына дейін қатынауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Желі 19 бірлік жылжымалы құрамнан, жөндеу және одан әрі пайдалану депосы бар 18 станциядан тұрады. Жалпы ұзындығы 22,4 км., максималды сыйымдылығы 650 жолаушы болады деп жоспарлануда. Бағыт қала тұрғындары көп қатынайтын негізгі орталықтар: Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ көшесі, Шәмші Қалдаяқов көшесі, оның ішінде Пригородный кенті, жаңа орталық мешіт, Мега Silk Way СҮ, Назарбаев Университеті, Ботаникалық бақ, Министрліктер үйі, Ұлттық мұражай, Тәуелсіздік алаңы, Әбу Даби Плаза және Мыңжылдық аллеясы арқылы өтеді. Тиісінше, автобустардың үлесін азайту есебінен жолаушылардың жол жүру уақытының, жолаушылар тасымалы көлемінің, көлік қозғалысының қолжетімділігі мен жүйелілігінің көрсеткіштері және қаладағы экологиялық жағдай жақсарады.
Депутаттардың сұрау салуы бойынша үлкен тұрғын үй кешендері бар Р. Бағланова, Қазыбек би көшелері бойында аялдамалар салынып, Пригородный кентінің қиылысында бағдаршам орнатылады. «Нұра» ауданында үш аялдама, келесі жылы қалған алтауы пайдалануға беріледі. Жалпы мәслихат Қ.Мұхамедханов көшесінде және Сығынақ көшесінің басында, «Мечта» дүкенінің ауданында («Нұра» ауданы) аялдамалар салу мәселесін бақылауға алу туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ, депутаттар көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану бойынша өзекті мәселені көтерді, өйткені бұл көп жағдайларда жол-көлік оқиғаларының себебі болатынын атап өтті. Мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу және одан әрі 2024 жылға арналған МЖӘ жобасына енгізу туралы шешім қабылданды.
Көлік проблемаларын жою мақсатында депутаттар:
- Нәжімеденов көшесі-Тәуелсіздік даңғылының қиылысында ішінара көлік санын азайту үшін Тәуелсіздік даңғылына дейін Қалдаяқов көшесінің құрылысын жалғастыруды;
- Әл-Фараби және Пушкин даңғылдарында көлік қозғалысы жүктемесін азайту үшін Б. Момышұлы даңғылын Интернациональный кентіне дейін және Р. Қошқарбаев даңғылын Павлодар тас жолына дейін ұзартуды;
- «Азия парк» СОО-нан Қосшы т/а дейін баратын жолаушылар саны өте көп болғандықтан, ЛРТ іске қосылуына байланысты жоспарлау кезеңінде Қабанбай батыр даңғылы-Достық даңғылы қиылысында кептелістердің пайда болу қаупі мәселесін шешуді ұсынды.
Мәслихат төрағасы Каналимов жол белгілерінің жай-күйіне тексеру жүргізуді, ақпараттық қалқандарды ретке келтіруді тапсырды, өйткені қалада тот басқан ескі белгілер көп, сондай-ақ тұрғындардың айтуынша, кейде қалқандардағы ақпарат бір-біріне қайшы келеді. Жол жабындарын жөндеу маусымында халықты алдын ала хабардар ету шараларын жетілдіру қажет, алдын ала 2-3 орам бұрын жол жөндеу немесе жолдың жабылуы туралы белгілер қоюға болады. Сондай-ақ, Каналимов өз сөзінде оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп кіреберістерінде, яғни жол қалталарында қайтадан кептелістер туындайтынын атап өтіп, олар бойынша тексерулер жүргізілмегеніне, сондай-ақ тіке жүруге тыйым салу кезінде оңға бұрылуға рұқсат беру мәселесі шешілмегеніне назар аударды. Мәслихат төрағасы барлық айтылған проблемалық мәселелер бойынша шаралар қабылдауды және келесі отырыста баяндауды тапсырды.
Отырысты қорытындылай келе, Владислав Сергеев жалпы көлік қызметін қамтамасыз ету бойынша тұрғындар көтерген негізгі мәселелер мәслихат тарапынан орындалғанын айтты: қаржы қаражатын бөлу бекітілді, жаңа автобустарды жеткізу, жаңа аялдамалар (оның ішінде жылы аялдамалар) салу бойынша үлкен жұмыс атқарылды, бұдан әрі тапсырмаларды сапалы орындау тиісті уәкілетті органдардың құзырында.