Кезектен тыс сессия: «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы
03.07.2023
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен елордалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттардың бірауыздан шешімімен қаланың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар лайықты тұлғаларға, қоғам қайраткерлеріне «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім мақұлданды.
Қаланың дамуына қосқан үлестері үшін нейрохирург-дәрігер, профессор, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Серік Қуандықұлы Ақшолақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының IV сайланым депутаты Қайсар Оспанұлы Омаров және Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Николай Петрович Тихонюк құрметті атаққа ие болды.
«Құрметті азамат» атағы қоғамның және оның өкілдерінің Астананың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға деген зор ризашылығының белгісі.
Астана қаласы мәслихатының «Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндады. Бұған дейін, Бюджет кодексі шеңберінде мәслихаттың тұрақты комиссиялары елорда бюджетін нақтылау (үшінші нақтылау) бойынша әкімшілердің бюджеттік өтінімдерін қараған.
Айта кету керек, бюджеттік өтінімдерді қарау және талқылау барысында мәслихат депутаттары бюджет қаражатының шығыстарын мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар және көп балалы отбасылар үшін пәтерлер алуға, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті үшін арнайы техника сатып алуға, мектептерді күрделі жөндеуге, тұрғын үй алаптарын дамытуға және т.б. бағыттау басымдығына қатысты ұсыныстар енгізді.
Бюджетті нақтылау барысында депутаттар тиімділікке, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын жұмсау мәселелері бойынша жауапкершілік деңгейін арттыруға, жолдарды, тротуарларды абаттандыру және салу бойынша мердігерлік ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстың сапалығына уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылауды арттыруға қатысты және т.б. бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді.
Сессияда депутаттар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды ескере отырып, шығыстарды әлеуметтік салаға, қала инфрақұрылымы және төтенше жағдайлар саласына және т. б. бағыттаудың басымдығы ескеріліп, мәслихат шешім қабылдады.