Мәслихаттың халыққа көлік қызметін көрсету мәселелері жөніндегі кезекті сессиясы
30.06.2023
Елордалық мәслихаттың Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен кезекті сессиясында қоғамдық көлікті дамыту мәселелері талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев баяндады. Сонымен қатар, мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев ескертулер мен ұсыныстарын айтып өтті.
Қоғамдық көліктердің қозғалыс аралығының сақталмауы, қызметкерлердің дөрекілігі, сондай-ақ маршруттық желіні өзгерту бойынша ұсыныстар - қала тұрғындарынан қоғамдық көлік жұмысына қатысты iKomek қызметіне келіп түсетін арыз-шағымдардың негізгі тізбесі. Ай сайын аталған қызмет нөмірлеріне 3 мыңға жуық осындай қоңырау түседі. Сонымен қатар, бүгінде елордада жүргізушілердің тапшылығы, билетсіз жүретіндер мәселесі, соңғы аялдамаларда жүргізушілер үшін қажетті инфрақұрылымның болмауы проблемалары бар. Айта кететіні, билетсіз жүрушілер салдарынан жыл сайын 2,8 млрд. теңге шығын келеді, ал кадр тапшылығы - 1000 маман. Бұл туралы елордалық мәслихат сессиясында депутаттар айтып өтті. Соңғы рет автобустарды сатып алу 2019 жылы жүргізілген, биыл Астана мәслихатының қолдауымен 400 бірлік автобус сатып алу туралы шешім қабылданды, оның 55-і жеткізілді. 6 жаңа автобус бағытын ашу мәселесі қарастырылуда.
Сессияның негізгі мәселесін талқылау барысында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов халықаралық тәжірибені ескере отырып, айналма маршруттарды енгізу мәселесін қарастыруды, соңғы аялдама пункттерін ретке келтіруді, бір мандатты округтер бойынша депутаттардың пікірін ескере отырып, елорда аудандары маршруттарына жаңа автобустар бөлу бойынша талдау дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, мәслихат төрағасы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сессия қорытындысы бойынша қоғамдық көлік жұмысындағы ескертулерді, шағымдар мен кемшіліктерді жою бойынша іс - шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды. Ерлан Каналимов жыл соңында жауаптылар атқарылған жұмыстар туралы есеп беретінін ескертті.
Бұдан басқа, кезекті сессияда мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың құрамын бекіту мәселелері қаралды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.