Елордалық мәслихатта МЖӘ жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды
19.06.2023
Қалалық мәслихатта Кендебай Адамбековтың төрағалығымен «Астана қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру нәтижелері» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
Мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және мемлекеттік қызмет, білім, қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ «Binom Education» ЖШС МЖӘ басқармасының басшылары баяндады.
2017 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша 15 шарт жасасты, оның ішінде 11 жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды.
Жасалған шарттардың негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Қолданыстағы 15 шарттың 8-і білім беру саласында, 2-і - спорт саласында және 1-і денсаулық сақтау саласында жасалған.
Қоғамдық тыңдауларға дайындық аясында депутаттар бірқатар МЖӘ объектілерін, соның ішінде ақылы автотұрақтарды, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу зауытын, Гуманитарлық колледжді, Паралимпиадалық орталықты және «Тарлан» мұз аренасын көріп қайтты.
Объектілерді аралау қорытындысы бойынша депутаттар «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру» жобасы табысты іске асырылып жатқан жобалардың бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл жобаны іске асыру халықтың мобильділігі төмен топтары арасында бұқаралық спортты дамытуға, мүгедек адамдарды әлеуметтік оқшаулықтан шығаруға, қоғамда гуманизмді дамытуға және ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетуге тиімді әсер етеді.
Мәселені талқылау барысында депутаттар жобалардың кемшіліктерін де атап өтті.
Ақылы автотұрақ кеңістігін құра отырып, автокөлік иелеріне баламалы таңдау болу үшін ақысыз автотұрақтарды да ашу керек. Осы және басқа да мәселелер мәслихат қабырғасында бірнеше рет көтерілгенімен, бүгін біз мұны көріп отырған жоқпыз. Бұл туралы мәслихат отырысында қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов пікір білдірді.
«BINOM» мектептері бойынша, ең алдымен, оқушыларды тұрғылықты жері бойынша мектептерге тіркеуге қатысты бірқатар сұрақтар бар. Әрине, ата-аналар балаларының беделді мектептерде оқығанын қалайды, алайда бұл ретте біз өткен ғасырда салынған ескі мектептерді де ұмытпауымыз керек.
«Осы мектептерге қабылдау ережелерінің сақталуын тексеруге қайта бастамашылық жасалды. Бүгінгі таңда жекеше серіктестердің ешқайсысы шарт талаптарын сақтамайтынын, мемлекет тарапына да шағымдар бар екенін атап өту керек. МЖӘ іріктеу тетігі ашық және айқын болуы тиіс. Жауапты органдар жобаларға бірыңғай ереже әзірлемейінше, олардың ешқайсысы іске асырылмайды, - деп атап өтті Ерлан Каналимов.