Бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия бюджеттік өтінімдердің жобаларын қарады
12.06.2023
Қалалық мәслихатта Кендебай Адамбековтың төрағалығымен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның елорда бюджетін нақтылау бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері енгізген бюджеттік өтінімдердің жобаларын қарау жөніндегі отырысы өтті.
Тұрақты комиссия отырысының жұмысына Ақмола облысы мәслихатының депутаттары қатысты.
Қаланың бес ауданының әкімдері сөз сөйлеп, аудандардағы ағымдағы ахуал, аулаларды, шағын архитектуралық формаларды, асфальт жамылғысын, сәндік жарықтандыруларды жөндеуге, қоршауларды ағымдағы күтіп ұстауға, аумақты санитарлық тазалауға, тротуарларды абаттандыруға, ортақ пайдаланылатын орындардағы урналарды, модульдік дәретханаларды күтіп ұстауға, субұрқақ кешендерін күтіп ұстауға, көгалдандыруға, орамішілік аумақтарды жөндеуге және т. б. қосымша қаржыландыру қажеттігі туралы баяндады.
Депутаттар әр аудан әкімдігі үшін басымдықтар туралы сұрады, олар гүлзарлар мен қоғамдық орындардың санын көбейтудің орнына қолда барын сақтауға, жасыл желектерге, оның ішінде Жасыл белдеуде күтім жасау үшін арнайы техника сатып алуға баса назар аударуды ұсынды, өйткені отырғызылған ағаштардың 50% - ы тамыр жаймайтыны белгілі. Сондай-ақ, депутаттар шағын және үлкен Талдыкөл мәселесін көтеріп, сирек кездесетін құс тұқымдары мекендейтін көлдерді қалпына келтіру бойынша экологиялық тұжырымдама дайындауды ұсынды. Рұқсат етілмеген полигондар мәселесін депутаттар құрылыс компаниялары арқылы шешуді ұсынды, олар осы полигондарды жоюы керек.
Депутат Талғат Ерғалиев Сарыарқа ауданында қалыптасқан жағдайға, атап айтқанда, ең аз қаржыландырылатын Агроқалашық мәселесіне қатысты қынжылды. Депутат қаржыландыруды тең бөлу керек деп санайды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбеков тұрақты комиссия өзара іс-қимыл жасайтын бес басқарманың «Астана мәртебесі туралы» ҚРЗ-на өзгерістер енгізу жөніндегі бастамаларын басқа комиссия мүшелерімен бірлесіп қарауды ұсынды. Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, 16 тұрғын алабының тағдырын, олардың болашақтағы дамуы қандай болатынын қазір шешу маңызды. Адамбеков алдымен тұрғын алаптарын дамытуға жауапты қала әкімінің орынбасарымен кеңесу керек деп санайды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов аудан әкімдерінің назарын жыл сайын көгалдандыруға қомақты қаражат бөлінетініне аударды, алайда тиісті күтімнің болмауына байланысты жасыл желектер қурап жатыр. Бұл тек қала шетінде ғана емес, сонымен қатар қаланың қақ ортасында, Амман көшесінің бойында, Сулы-жасыл бульварда, Мәңгілік Ел даңғылында, әуежай тас жолында кең таралған көрініс. Каналимов мәслихаттың жоспарларында көгалдандыру, ағаштарға күтім жасауды ұйымдастыру мәселелерін қарау, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі қаралатынын, мемлекеттік органдар басшыларының қызметіне талдау жүргізілетінін және тиісінше, қосымша қаражат бөлу мәселесі шешілетінін атап өтті.
Мәслихат төрағасының пікірінше, жарықтандыру бірыңғай тұжырымдама бойынша жүргізілуі тиіс және тағы да айта кететін мәселе, мемлекеттік органдардың Бәйтерек, Тәуелсіздік Сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты объектілерді, басқа да көрнекті объектілерді декоративті жарықтандыруға қосымша қаржы сұрауы дұрыс, бірақ қалалық бюджет есебінен көппәтерлі элиталық кешендерді жарықтандыру тиімсіз.
Депутат Бауыржан Смайылов кәріз желісін жүргізу, көшелерді жарықтандыру бойынша Көктал-1, Көктал-2 мәселелерін қысқа мерзімде шешуді сұрады, сондай-ақ Қосшығұлұлы көшесіндегі мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер бойынша көптеген проблемалар жиналып қалғанын айтып, сол жерде кеңес өткізуді ұсынды.
Депутат Азамат Айтхожин көгалдандыруға бөлінетін 4 млрд. теңгеге қатысты сұрақ қойды. Ол бір аптадан кейін жиналып, қосымша қаражатты нақты қайда бөлу керектігін шешуді ұсынды. Айтхожиннің пікірінше, ТЖД үшін арнайы техника сатып алуға ақша бөлу маңызды.
Мәслихат төрағасы бұған дейін ТЖД мен полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі үш жылдық кезеңге арналған бірлескен жоспар дайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, Нұра ауданының аудандық полиция бөлімінің ғимаратын, елорданың криминогендік аудандарында 10 полиция бекетін сатып алу мәселесін шешу қажет. Бұл басымдықтар белгіленген және іске асырылатын болады. Ал қазір, мәслихат төрағасының пікірінше, бюджетті игеруге баса назар аудару керек, өйткені мамыр айының қорытындысы бойынша игеру төмен қарқынмен жүріп жатыр және уақыт өте келе мемлекеттік органдардың қайсысын қолдау керектігін шешу қажет болады.
Депутат Ғабит Тәжімұратов коммуналдық меншік балансына қабылданбаған ТК-деріне қатысты сұрақ қойды. Ол бағдаршамдар орнату, жарықтандыру бойынша шешімнің жоқтығына, Тельман, Пригородный тұрғын алаптарында қамыс шабу мәселелеріне қаражаттың бөлінбеуіне қатысты наразылығын білдірді. Бұл ретте қала орталығындағы асфальтты жаңартуға үлкен сомалар бөлініп жатыр.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов Жол картасы шеңберінде несиелерді субсидиялауға, мемлекеттік гранттар бөлуге, №1 Индустриялық парктің инженерлік желілерін дамытуға, көптеген коммуналдық объектілер қала меншігіне қабылданбаған паркті техникалық зерттеуге қосымша қаражат қажет етілетінін баяндады. Сонымен қатар, ол туристік қызметті дамытуға, «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі халықаралық алаңды өткізуге қосымша қаржы сұрады. Сондай-ақ, Әкімжанов үш қала: Астана, Алматы және Ақтөбеде ірі медициналық орталықтар құру туралы мәселені атап өтті, онда жылына 1 рет еңбекке қабілетті халық өкілдеріне терең медициналық тексеруден өтуге болады, бұл ел экономикасы мен елорда үшін оң нәтиже береді.
Депутат Талғат Ерғалиевтың пікірінше, туризмді дамыту бойынша жоспарланған іс-шаралар жеткіліксіз. Мысалы, шетелде табыстың көп бөлігі туризмді дамытудан түсетін қалалар бар. Бұрын Сороковая станциясында Бард фестивальдері өткізілетін, онда бүкіл посткеңестік аймақтардан туристер келетін, сондай-ақ қысқы бұқаралық спорт түрлерін, жолдан тыс мотоцикл жарыстарын және т.б. дамытуға болады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бүгінгі отырыс жоспарланған отырыстар қатарынан біріншісі екенін атап өтті. Қаланың бес ауданының және үш басқарманың бюджеттік өтінімдері қаралды. Депутаттар бюджеттік өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша қорытынды дайындайды. Осыған байланысты мәслихат төрағасы депутаттардан өтінімдерді егжей-тегжейлі қарауға белсенді қатысуды сұрады. Барлық ұсыныстар қаралады, нақты негіздемелер мен есептеулер қажет. Ағымдағы нақтылау бойынша қорытынды құжат қала әкіміне жіберілетін болады.