Елордалық мәслихат депутаттары балаларды құттықтады
01.06.2023
Жыл сайын елордада Балаларды қорғау күні кеңінен атап өтіледі. Дәстүр бойынша 1 маусымда мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Бұл күні қаланың үздік алаңдарында, саябақтарда, стадиондарда, спорт кешендерінде, қоғамдық кеңістіктерде ұлттық ойындар бойынша турнирлер, спорттық жарыстар, шығармашылық конкурстар, квест-ойындар өткізіледі. Биылғы жылдың ерекшелігі - Балаларды қорғау күні мектеп оқушыларының жазғы демалысқа шығуымен сәйкес келді.
Елордалық депутаттар бірқатар балалар мекемелеріне барып шықты. Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ тәрбиеленушілеріне барды. Кездесу барысында аталған мекеменің директоры Бақыт Амринамен сұхбаттасып, балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, сондай-ақ сыйлықтар (балалардың ұсақ моторикасын дамытуға арналған ойындар) тапсырылды.
Директор депутаттарды мекеме қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды, мүмкіндіктері мен қабілеттерін дамыту үшін балалардың қандай қызметтерді пайдалана алатыны жөнінде ақпарат берді. Ол мекеме қызметкерлері үшін әрбір баланың қоғамда дағдыларын дамыту және әлеуметтену мүмкіндігіне ие болуы, білім беру ұйымдарында оқуын жалғастыра алуы маңызды екенін атап өтті.
Ұйым басшысы депутаттарға мұндай мекемелердің жетіспеуіне байланысты түзету бағдарламасынан өтуге кезекте 500 бала тұрғанын хабарлады. Түзету кабинеті ғимараттың екінші қабатында жайғастырылғандықтан, балаларға лифтсіз немесе эскалаторсыз екінші қабатқа көтерілу ыңғайсыз, сонымен бірге бұл ғимаратта «Астана қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті» РММ және «Елорда ақпарат» ЖШС сияқты өзге де мекемелер орналасқан.
Депутаттар - әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері мекеме басшысы атап өткен барлық проблемалық мәселелерді қалалық мәслихат пен әкімдік деңгейінде көтеруге уәде берді.
Балаларды қорғау күнін елордалық мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының мүшелері де атап өтті. Депутаттардың ешқайсысы мерекелік іс-шаралардан тыс қалған жоқ. Көптеген депутаттар өз сайлаушыларымен бірге тұрғын алаптарда өткізілген іс-шараларға қатысты.