Кезектен тыс сессия: соғыс ардагерлеріне қосымша әлеуметтік көмек
03.05.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен кезектен тыс сессия өтті.
Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков, мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Кезектен тыс сессияның қарауындағы басты мәселе Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты 2023 жылы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің қайта тұрмысқа шықпаған жесірлері қатарындағы басқа да адамдарға қосымша әлеуметтік көмек көрсету мәселесі болды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб сөз сөйлеп, отырысқа қатысушыларға ардагерлер мен қаза тапқан жауынгерлердің жесірлерін қолдау бойынша көзделген шаралар туралы баяндады. 2023 жылы Жеңіс күніне орай Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әрбір Ұлы Отан соғысының ардагеріне 1 300 000 теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету ұсынылады. Сондай-ақ, 2023 жылы Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің қайта тұрмысқа шықпаған жесірлері қатарындағы басқа да адамдарға 30 000 теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов келесі жылы Жеңістің мерейтойы қарсаңында әлеуметтік көмек көрсету үшін тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген адамдарды тізімге енгізуді ұсынды.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу мәселесі туралы баяндады.
Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтхожин жер учаскелерін алып қою мәселесі жөнінде бейінді тұрақты комиссияның отырысында депутаттар қабылдаған шешімге қатысты түсініктеме берді. Комиссия мүшелері сол жерлерді аралап, содан кейін ғана жер учаскелерінің кейбір иелеріне өтемақы сомасын беру туралы шешім қабылдауды жоспарлап отыр.
Мәслихат төрағасы нақты жағдайды бағалап, кейін шешім қабылдау үшін Азамат Айтхожиннің басшылығымен жұмыс тобын құруды ұсынды.
Сессияның күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелер қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.