Елордалық мәслихат депутаттары бюджетті нақтылау мәселелерін қарады
12.04.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен ағымдағы жылға арналған бюджетті нақтылау мәселелері бойынша кезектен тыс сессия өтті.
Кезектен тыс сессия жұмысына қала әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімінің орынбасарлары, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев 2023 жылға арналған меншікті кіріс жөніндегі жоспарды 71,5 млрд. теңгеге ұлғайту жағына қарай қайта қарау туралы хабарлады. Ол бірлескен отырыста депутаттардың сыни ескертулеріне байланысты бюджетті нақтылау жөніндегі материалдарға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Дәстүр бойынша бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік саладағы шығындарға бағытталған.
Мәселен, денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат тұмауға және А гепатитіне қарсы вакциналарды сатып алуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша қамтамасыз етуге көзделген; әлеуметтік қорғау саласында қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үшін жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда), арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға арналған шығыстар жоспарланған; білім беру саласында - оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға және жеткізуге, дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, сондай-ақ мәдениет саласындағы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты және спорт саласындағы мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға көзделген.
Депутат Владислав Сергеев бюджетте әлеуметтік мәселелер, оның ішінде бұрын назардан тыс қалған пандустық аулалар көрсетілгенін атап өтті. Бюджетті түзету кем дегенде ішінара жөндеуді бастауға мүмкіндік береді. Сайлау кезеңінде қоғамдық көлікте электрондық төлем мәселесін шешу бойынша конкурс жарияланды. Бұл мәселені шешу өте маңызды, өйткені жыл сайын елорда жолаушылардың билетсіз жүруіне байланысты 3 млрд. теңгеге дейін жоғалтады. Қазір қаланың автобустарға деген қажеттілігін шешу жоспарлануда. Сергеев депутаттар мәселелерді шешуге барынша кірісетіндеріне сенім білдірді. Қалада бұрыннан келе жатқан мәселе бар - кейбір көпқабатты үйлердің қасбеттері алкобондпен қапталған. Жылына кем дегенде екі-үш үйдің мәселелерін шешу қажет. Сонымен қатар, елордада үнемі жел соғып тұратынын ескерсек, керамограниттан жасалған тақтайшалар да мәселені шешпейді. Осыған байланысты Сергеев бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін қалалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, депутат айына бір рет тұрақты комиссия мүшелерімен кездесу бастамасын еске салды.
Қала әкімі депутаттарға бюджетті қарау бойынша бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді. Аулаларды жөндеуге қатысты Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бар, сондықтан бюджетте аулаларды көгалдандыру және абаттандыру шығындары ұлғайтылды. Әкім қаланың әр ауданында өз ерекшеліктері, шешілмеген мәселелері бар екенін атап өтті. Мәселен, Алматы ауданы тұрғындарының өтініштері бойынша көгалдандыру, аулаларды абаттандыру, Есіл ауданында саябақтармен - президенттік, ғашықтар саябағымен, су-жасыл бульвармен үлкен жұмыс күтіп тұр.
Сондай-ақ, Ж. Қасымбек биылғы жылы газдандыру, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау мәселелерін жабу керектігін айтты. Электрондық билеттендіру мәселесін шешу барысында жұмысқа депутаттар тартылатын болады. Елордада еліміздегі ең үздік зияткерлік жүйелердің бірі болуы тиіс. «7 бочек» ТК жобалауға бюджеттен ақшалай қаражат бөлінді, сондай-ақ «Азия парк» сауда үйімен үйлерді абаттандыру мен қасбеттерге жұмсалатын шығындар туралы уағдаластық бар.
Қалада жаңарту бағдарламасы әзірленді, оны әкімдік таныстыруға дайын. Қазіргі уақытта ірі қалаларды жаңғыртудың республикалық бағдарламасы дайындалуда, әкімдік ол бағдарламаға енуге тырысады. Қала алдындағы міндет алдағы 5-6 жылда ресми тіркелген 206 үйді қоныстандыру. Сөзін қорытындылай келе, қала әкімі кездесуге үнемі дайын екенін білдірді. Ол мамыр айының басында кез-келген мәселелер бойынша жиналыс форматында кездесуді ұсынды.
Бұдан әрі қала әкімі жаңа аудан - Нұра ауданының әкімі Жұмағұлов Жұсіп Рахатұлын, сондай-ақ Сарыарқа ауданының әкімі Ералы Бауыржан Бейбітұлын таныстырып, кандидатураларды қолдауды сұрады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб депутаттарды аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК мөлшерінде 1 желтоқсанға орай көрсетілетін әлеуметтік көмекті Ұлттық мереке 25 қазанға (Республика күніне) ауыстыру ұсынылғанын хабарлады. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік көмектің мөлшерін 13 АЕК-тен (44 850 теңге) 20 АЕК-ке (69 000 теңге) дейін ұлғайту ұсынылады.
Сондай-ақ депутаттар мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу, депутаттық әдеп мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы, Астана қаласы мәслихатының Астана қаласының сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі Уақытша комиссиясын құру туралы және т.б. мәселелерді қарады.
Сессияның барлық мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.