Ерлан Каналимов елордалық мәслихаттың төрағасы болып сайланды
30.03.2023
Сегізінші сайланым депутаттарының бірауыздан қабылдаған шешімімен Ерлан Каналимов Астана қаласы мәслихатының төрағасы болып сайланды. Басқару институтының, сондай-ақ Қазақстан-Ресей университетінің түлегі өзінің еңбек жолын Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің маманы қызметінен бастап, одан кейінгі жылдары ішкі саясат басқармасын басқарды, елордада құрылған «Байқоңыр» ауданының бірінші әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, «Nur Otan» партиясының елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Астана қаласы жетінші сайланым мәслихатының төрағасы.
Мәслихаттың бірінші сессиясының ашылуында қала әкімі Жеңіс Қасымбек сөз сөйлеп, депутаттарға елорданың игілігі үшін қызметтерінде табыс тіледі және барлық проблемалық мәселелерді, оның ішінде ең алдымен бюджетті нақтылау, ауыз судың жетіспеушілігі, құрылыс, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және дереу шешуді талап ететін басқа да мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.
Елорда мәслихатының құрамында - 34 депутат. Партиялық тізімдер бойынша: «AMANAT» партиясында 12 мандат, «ҚХП» партиясы мен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясында бір-бір мандаттан және «Ақ Жол» партиясында үш мандат бар. Бұдан басқа 17 депутат бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Мәслихаттың жаңа сайланымы құрамында 25 ер адам және 9 әйел бар. Ең жас депутат - 22 жаста, ең үлкені - 63 жаста. Депутаттардың орташа жасы - 46 жас.
Бүгін мәслихат сессиясында төрт тұрақты комиссияның төрағалары сайланды. Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі комиссияны Азамат Айтхожин, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияны Кендебай Адамбеков, құрылыс, экология, көлік және ТКШ мәселелері жөніндегі комиссияны Владислав Сергеев, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияны Асқар Смағұлов басқарады. «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі болып бірауыздан Берік Жәкенов сайланды.
Сондай-ақ депутаттар мәслихаттың маңызды міндеттерінің бірі жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау болып табылатынын және қала халқы көп жағдайда елорданың әлеуметтік және экономикалық дамуы саласындағы проблемалық мәселелерді көтеретінін атап өтті. Осыған байланысты тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиялардың төрағалары сайланды: Адамбеков Кендебай Сарыбайұлы бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы; Смағұлов Асқар Сайлаубекұлы әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы.
Бірінші сессияда сегізінші сайланым мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.