Кезектен тыс сессия: елорданың көшелері мен жаңа ауданына атау беру мәселелері
19.01.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Астана қаласының жетінші сайланым мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.
Күн тәртібіне енгізілген үш мәселе бойынша қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндады.
Көшелерге Әскен Нәбиевтің, Сырбай Мәуленовтың, Мәншүк Мәметованың, Санжар Асфендияровтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Сұлтан Бейбарыстың, Гейдар Әлиевтің, Мағжан Жұмабаевтың (23-16 жобалық көше мен М. Жұмабаев даңғылын біріктіру) есімдерін, бұрынғы М. Мәметова атындағы көшеге Қарамерген атауын беру туралы баяндалды.
Азаматтар мен мемлекеттік органдардан атаулар беруге қатысты келіп түскен ұсыныстарға байланысты қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне Әл-Фараби және Асқар Забикулиннің есімдерін, қаланың атаусыз алаңдарының біріне «Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы» атауын беру ұсынылады.
Астана қаласының ономастика комиссиясының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2023 жылғы 17 қаңтардағы қорытындылары негізінде қала әкімдігі Астана қаласында құрылған жаңа ауданға «Нұра» атауын беру туралы ұсынысты келісуге ұсынды.
Депутат Гүлжамал Жапарова тілдерді дамыту басқармасының басшысына өткен сессияда өзінің Тоқтар Әубәкіровтің есімін қаланың магистральдық көшелерінің біріне беру туралы мәселені көтергенін еске салды, қазір оның есімімен Железнодорожный тұрғын алабындағы көшелердің бірі аталады. Сондай-ақ, депутат қаланың бір көшесінде Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке ескерткіш орнатуды ұсынды, оның тікелей қатысуымен Қазақ КСР Ғылым академиясы, жоғары оқу орындары құрылған, ел экономикасы жоғары қарқынмен дамыған.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрнекті тұлғаларды мәңгі есте сақтау үшін олардың есімдері қайтыс болғаннан кейін белгілі бір мерзім өткен соң көшелерге, даңғылдарға, алаңдарға берілетінін атап өтті. Тоқтар Әубәкіровтің есімі бұрын, мұндай шектеулер болмаған кезде берілгендіктен, депутаттар уәкілетті органға қазақстандық тұңғыш ғарышкердің, Қазақстанның Әскери әуе күштері генерал-майорының есімін магистральдық көшелердің біріне беру туралы өтінішпен жүгіне алады.
«Астана қаласы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» және «Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын басқару схемасы туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы» мәселелер бойынша кадрлық өзгерістерге байланысты Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жаңасыл Шаукентаев хабарлады.