Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы
17.01.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Астана қаласының жетінші сайланым мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.
Қаланың сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау мәселелері жөнінде Астана қаласы мәслихатының Сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі уақытша комиссиясының төрағасы Алтыншаш Табулдина сөз сөйледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 10-бабына сәйкес 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі 2 округтік сайлау комиссиясын құрды.
Қалалық сайлау комиссиясының шешімімен Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 17 округтік сайлау комиссиясы құрылды. Сонымен қатар, Қалалық сайлау комиссиясы жаңа учаскелік сайлау комиссиясын құрды. Өз өтініштері негізінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 494 мүшесі міндеттерінен босатылды. Депутаттар сайлауы тиіс сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны 619 адам.
Қалалық мәслихаттың уақытша комиссиясы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде округтік, аумақтық және учаскелік комиссиялардың мүшелерін, оның ішінде шығып қалған мүшелерінің бос орындарына сайлау бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
Уақытша комиссия тексерулер мен тапсырылған құжаттардың нәтижелері негізінде ұсынылған кандидатуралар қатарынан сайлау комиссиялары құрамдарының жобаларын қалыптастырды.
Кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе – қаланың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін нақтылау. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты денсаулық сақтау саласында №5, №8, №14, №11, №15 емханаларды күрделі жөндеуді аяқтауға қосымша шығыстар көзделгенін атап өтті. Білім беру саласында мектептерді ағымдағы жөндеуге; педагогтердің жалақысын арттыруға; дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеуге; мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуге; мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына қаржыландыруға қосымша қаражат қарастырылған. Сондай-ақ мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуді, жеке көмекшінің қызметтерін қамтамасыз етуді және т. б. қаржыландыру көзделген.
Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев бюджет жобасы көптеген маңызды әлеуметтік мәселелерді қамтығанын атап өтті. Тілек ретінде депутат барлық, әсіресе тұрғын алаптарында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, аула клубтары бойынша пайдалануға беру мерзімдеріне, перспективаларына қатысты шешім қабылдауды ұсынды. Өткен жылы №1 қалалық балалар ауруханасына барған кезде депутаттар ол жердегі қабылдау бөлмесінің қаланың қажеттіліктерін қанағаттандырмайтынын көрді. Бұл мәселені ұзақ уақытқа созбай, тезірек шешу керек.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бұл ұсынысты қолдады және оның пікірінше, ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында қабылдау бөлмесінің 300-400 шаршы метрлік құрылысын жоспарлау қажет. Өйткені, қазіргі қабылдау бөлмесі үш бірдей жедел жәрдем бригадасының бір уақытта жұмысы үшін өте қолайсыз.
Каналимов депутаттар денсаулық сақтау объектілеріне, оның ішінде 15 жыл бойы жөнделмеген №4 емхана ғимаратына барғанын атап өтті. Алайда, балалар бөлімі бойынша мәселелер құжаттарға енгізілмеген. Ол балалар бөлімі үшін қандай-да бір соманы салуды ұсынды.
«Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндады. Ол салынып жатқан көшелерді, мектептерді, сумен жабдықтау желілерін, скверлер мен бульварларды қамтитын 13 әлеуметтік нысанның тізімін ұсынды.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмаз Жаңбыршы «Астана қаласы аумағының Қала құрылысы регламентін бекіту туралы» Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 24 қыркүйектегі шешіміне толықтыру енгізу туралы» мәселе бойынша баяндады. Қала құрылысы регламентінің 3-ші кезеңі әзірленді. Бұл құжат аудан әкімдіктеріне елорданың келбетін дұрыс қалыптастыруға, әрлеуді, түске қатысты шешімді, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған материалдарды таңдауға және т. б. көмектеседі.
Каналимов мемлекеттік органдардың осы мәселені шешу жөніндегі өкілеттіктерінің шекараларын нақтылауды ұсынды, осыған байланысты мәселе азаматтарға артылмау үшін шұғыл түрде шешіп, іске асыру тетігін ұсыну қажет. Жоба ұзақ мерзімді, кем дегенде 5-10 жыл.
Әкімнің орынбасары Нұрлан Солтамбеков өкілеттіктерді ғана емес, сонымен қатар жосықсыз жарнама берушілерге қатысты қолданылатын шараларды анықтау қажеттігін атап өтті. Қала әкімі қала бойынша ретсіз орналастырылған сауда павильондарының, жарнама тасығыштардың сыртқы келбетіне ескерту жасады.
Депутат Айтхожин елорданың сыртқы келбетін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі бойынша әріптестерін қолдады. Қала тұрғындарын да осы мәселе және сауда павильондарында қарапайым жағдайларды қамтамасыз ету мәселесі толғандырады.
Депутат Сергеев мәселелерді шешу мерзімдерін белгілеуді, осылайша тәртіп орнатуды ұсынды. Ол үшін жұмыс тобын құрып, Ережелерді әзірлеуге кірісу керек.
Сессияның күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелер бойынша қала мәслихатының шешімдері қабылданды.