Астана қаласынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы
14.01.2023
2023 жылғы 14 қаңтарда Астана қаласының мәслихатында Ерлан Ермекұлы Каналимовтың төрағалығымен Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы өтті.
Бірлескен отырысқа қалалық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің бақылаушылары, халықаралық байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мәслихат төрағасы депутаттарға Сенатқа бір депутат ағымдағы сайлау барысында, екіншісі - шыққан депутаттың орнына сайланатынын хабарлады.
Сенаттың шығып қалған депутатының орнына кандидаттар тізіміне Зейнулқабден Табиғат, Әбілқайыр Сайранбек Ербатырұлы, Лукин Андрей Иванович кірді.
Сонымен қатар, қалалық сайлау комиссиясы ағымдағы сайлау барысында үш кандидатты тіркеді, олар – Мұхамбеталина Наримаш Абылқызы, Азбаев Бағдат Оразалдыұлы, Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы.
Дауыс беру бір сағат жүргізілді, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау бойынша дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейін өтті.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бектемісова Бақыт Ғазизқызы Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы қалалық сайлау комиссиясының хаттамасын оқыды.
Таңдаушылардың жалпы саны - 31, дауыс беруге 29 таңдаушы қатысты. Шығып қалған адамның орнына депутаттыққа кандидат үшін берілген дауыстар саны:
Зейнулқабден Табиғат 6 дауыс жинады.
Әбілқайыр Сайранбек Ербатырұлы 4 дауыс жинады.
Лукин Андрей Иванович 19 дауыс жинады.
Таңдаушылардың жалпы саны - 31, дауыс беруге 29 таңдаушы қатысты. Депутаттыққа кандидат үшін берілген дауыстар саны:
Азбаев Бағдат Оразалдыұлы 6 дауыс жинады.
Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы 18 дауыс жинады.
Мұхамбеталина Наримаш Абылқызы 4 дауыс жинады.
Қалалық сайлау комиссиясының хаттамасы түпкілікті шешім қабылдау үшін Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес республика бойынша Сенат депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей жариялайтын болады.