Жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу
13.12.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе талқыланды.
«Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына ұсынылатын, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Тізбеге бірқатар әлеуметтік нысандар – көшелер, әкімшілік ғимараттар салу, Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту (6-кезек), Тоқпанов көшесі ауданында мектеп салу кірді.
Отырыс барысында депутаттардың жер учаскелерінің меншік иелерімен онлайн режимінде кездесуі өтті. Отырысқа барлық меншік иелері немесе олардың өкілдері қатысып, жер учаскесі үшін өтемақы сомасымен келісетіндерін растады.
Тұрақты комиссия отырысын қорытындылай келе, Нұрлан Көпешев бұл мәселе мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатынын мәлімдеді. Сессиядан кейін меншік иелері келісімшарттар жасасып, жер учаскесі үшін ақшалай өтемақы ала алады.