Жеңіс Қасымбек Астана қаласының жаңа әкімі
09.12.2022
Астанада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеудің қатысуымен мәслихат депутаттарының жиналысы өтті.
Депутаттардың қарауына елорда әкімі лауазымына Берік Оралұлы Жакенов пен Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің кандидатуралары ұсынылды. ҚР Президентінің тиісті хатын Әлихан Смайылов оқып берді.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 21 депутат Ж. Қасымбекті таңдаса, 7 депутат Б. Жакеновке дауыс берді. Жиналысқа барлығы 28 депутат қатысты.
Осыдан кейін елорда активімен өткен кездесуде Әлихан Смайылов қаланың белсенді түрде дамып келе жатқанын, тұрғындар санының 4,5 есе өскенін атап өтті. Құрылыс қарқыны да өсті: 2019 жылдан бастап 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электрмен, жылу қуатымен жабдықтау, әлеуметтік нысандарын жаңғырту мәселелерін шешу – жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Премьер-Министр сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, өзекті экологиялық мәселелер мен нөсер кәріз жүйесінің жұмыс істеуі бойынша проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен нәтижелі диалог негізінде құрылып, өңірдің ары қарай дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталуы керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.