Мәслихаттың 2022-2024 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жөніндегі кезектен тыс сессиясы
17.11.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Астана қаласының жетінші сайланым мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.
«Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы «Астана қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» негізгі мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндады. Бұған дейін тұрақты комиссиялардың отырыстарында, бірлескен отырыста бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде мәліметтер егжей-тегжейлі баяндалып, жан-жақты қаралған болатын.
Депутаттар Асан қайғы мен Күлтегін көшелеріндегі электр беру желілерінің астында орналасқан үйлердің бір бөлігін сатып алуға қатысты; цифрландыру басқармасы бюджетке қайтарған 3,9 млн. теңгеге қатысты, неге бұл қаражат басқармамен пайдаланылмай қалған; Политехникалық колледж студенттеріне арналған жатақхана құрылысының жағдайы; тұрғын үй алаптары бойынша кешенді жоспар туралы; Астананың имидждік іс-шарасын қаржыландыру, Есіл өзеніндегі жүзу, балабақшаға арналған ғимарат сатып алу; шаңғы базасын, байдаркашыларға арналған үй-жайлар салуды, мәнерлеп сырғанаудан құраманың ағымдағы күтімін қаржыландыру және т.б. мәселелер туралы сұрақтар қойды.
Кирпичный тұрғын алабында мектеп салу мәселесі әртүрлі деңгейде бірнеше рет талқыланды, алайда депутат Алмат Жүнісовтің пікірінше, өте баяу шешілуде.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жұмыс кестесінен артта қалуына байланысты желтоқсанның бірінші онкүндігінде осы мәселе бойынша жеке көшпелі отырыс өткізуді ұсынды. Бұл құрылыс азаматтық белсенділердің бақылауында, олар құрылыстағы жағдай туралы күн сайын Каналимовқа баяндап отырады және әлеуметтік желіде орналастырады.
Депутат Алмат Жүнісов тұрғын үй алаптарында тұратын азаматтардың автобустар арасындағы 40 минуттық үлкен аралыққа қатысты өтініштерін жеткізді, соның салдарынан балалар тоңуда, әсіресе шет жақтарда жылы аялдамалар жоқ.
Мәслихат хатшысы бірлескен отырыста субсидиялау жөнінде отырыс өткізу, жолаушылар тасымалы бойынша мүдделі ұйымдарды, оның ішінде валидация мәселесі бойынша бөлек жиналу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Автопарктер көлемді азайтуда және барлық мәселелерді субсидиялау есебінен шешкісі келеді, сондай-ақ олар 40 автобус сатып алу шартын орындамады. Әрбір автопарктің даму жоспарларын қарап анықтау қажет, себебі бұл тиімсіз, барлық мәселелерді тек бюджет ақшасына шешуге болмайды. Каналимовтың пікірінше, автопарктер де ортақ іске өз үлестерін қосуы тиіс.
Мәслихат хатшысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысына алғысын білдірді, депутаттардың тұрақты комиссиялар отырыстары мен бірлескен отырыс барысында айтқан барлық ұсыныстары ескеріліп, бюджетке енгізілген.
Сонымен қатар, мәслихат сессиясының жалпы отырысында көшелерге атаулар беру және атауларын өзгерту; азаматтардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден босату түріндегі көмек көрсету тәртібіне және Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы және т.б. мәселелер қаралды.
Сессияның күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелер бойынша мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданды.