Жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу
10.11.2022
Қалалық мәслихатта Гүлжамал Жапарованың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе қаралды.
«Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына шығарылатын, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Тізімге бірқатар әлеуметтік нысандар – әкімшілік ғимарат, бірқатар көшелер, кіріктірілген үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешендері, Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту (6-шы кезек), Тоқпанов көшесі ауданындағы және Е796, 899 көшелерінің қиылысындағы мектептер, қоғамдық кеңістік (саябақ, сквер), Мыңжылдық аллеясы бойындағы скверлер мен бульварлар, көшелер, сумен жабдықтау және су бұру желілері, КЛ 10 кВ желілерінің дәлізі кірді.
Отырыс барысында депутаттардың жер учаскелері меншік иелерімен онлайн режимінде кездесуі өтті. Барлық меншік иелері және өкілдері отырысқа қатысып, жер учаскесі үшін өтемақы сомасымен келісетіндерін растады.
Отырыс төрағасы Гүлжамал Жапарова меншік иелеріне жер учаскелері үшін өтемақы алу мерзімдері туралы ақпарат берді.