Депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылады
01.11.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау бойынша заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев сөз басында қаланың 2022 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды, олар тұрақты экономикалық өсу тенденциясын көрсетеді. Астананың дамуын көрсететін негізгі индикатор жалпы өңірлік өнім болып табылады, оның көлемі 2022 жылдың II жартыжылдығында 3 600,0 млрд. теңгені құрады, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1% - ға өсті. Жалпы ішкі өнімдегі өңірдің үлесі -9,0%. Маңқараев сонымен қатар салық түсімдерінің құрылымы туралы, сондай-ақ салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер туралы мәлімет берді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Госман Жакин депутаттарды 2023 жылы күрделі шығыстарға, нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарына, тұрғын үй төлемдерін төлеуге, қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына үстемеақы төлеуге, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, киім-кешек қажеттіліктеріне, «Цифрлық полиция» жобасын іске асыру үшін жабдықтарды жалға алуға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге, автокөлікке, Патрульдік полиция полкін ескі ғимараттан көшіруге қосымша қаржыландыру қажеттігі туралы хабардар етті.
ТЖ департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев 2023 жылы арнайы техниканы, оның ішінде жедел әрекет ету автомобильдерін, өрт сөндіру автоцистернасын, өрт сөндіру автосатысын, авариялық-құтқару автомобильдерін және т. б. сатып алуға лизингтің екінші кезегінің қызметтеріне ақы төлеуге көзделген шығыстар туралы баяндады.
Қорғаныс істері департаментінің бастығы Медет Рыскелдиев депутаттарға Республика даңғылы, 54 мекенжайында, бизнес-орталықтың бұрынғы ғимаратында орналастыру жоспарланған қалалық құрама пунктті көшіру мәселесін шешуде қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Таңдауға ұсынылған ғимараттардың ішінде осы ғимарат қалалық құрама пунктін орналастыруға ең қолайлы болды, ғимараттың шаршы көлемі барлық төрт ауданның шақыру пункттерін бір ғимаратқа орналастыруға мүмкіндік береді.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамуратов мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі қызметтерге, газеттер, журналдар және интернет-порталдар арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, қалада әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың іске асырылу барысы туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыруға, елорда телеарналарының ақпараттық мемлекеттік қызметтеріне, ақпараттық материалдарды дайындауға қосымша қаржыландыру қажеттігі туралы хабарлады.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров басқарма мұқтаждықтарына, оның ішінде «Астана қаласы жастарының әлеуметтік-демографиялық портреті» социологиялық зерттеуін жүргізуге, «Жасыл ел» жобасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты төлеуге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттан кейінгі қолдау мен бейімдеуге арналған шығыстарға, «Еріктілер мектебі» жобасы шеңберінде кәсіби еріктілерді даярлауға, жастар лагерін, өңірлік пікірсайыс турнирін өткізуге шығыстарды ұлғайту қажеттігін депутаттардың назарына жеткізді.
Депутат Азамат Айтқожин басқарманың Күйгенжар, Мичурино, Железнодорожный, Интернациональный тұрғын алаптарында аула клубтарын құру жоспарлары туралы сұрады. Күйгенжарда аула клубы жалға алынған үй-жайда орналасқан, Мичуринода жастарға арналған үй-жайлар мүлдем жоқ, Железнодорожныйда клубтың үй-жайы жастардың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Депутаттар құрылыс салушылармен шарт жасай отырып, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында аула клубтарын орналастыру туралы мәселені көтерген, бұл ұсыныс қазір пысықталып жатқан жоқ. Келесі жылы нақтылау барысында қаланың шеткі аумақтарына назар аударған жөн, Учхоз кенті мен «Metro» сауда орталығы арасында тұрғын үй кешендері бар, балалардың баратын жері жоқ, спорт кешендері мен аула клубы жоқ.
Дін істері басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов өңірдегі діни ахуалды зерделеу және талдау мақсатында лимитті 300 млн. теңгеге дейін ұлғайту қажеттігі туралы хабардар етті, өйткені бұл жұмысты сапалы жүргізуге 158 млн. теңге қаражат жеткіліксіз. Жыл сайын басқарма ақша қаражатының жетіспеуіне байланысты әрбір бюджет нақтылауында қосымша қаржыландыру туралы өтініммен шығуға мәжбүр.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов кейбір проблемалық мәселелерге тоқталды.
Мәслихат хатшысы нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұл мәселе бойынша Үкімет шаралар қабылдауда, кешенді жоспар әзірленді, оған өңірлер бойынша зертханалар сатып алу мәселесі енгізілді. Қалалық жоспарда тек іс-шаралар, концерттер өткізу ғана емес, нақты істер болуы керек. Департаменттің құрамы бойынша проблемалар бар, IT технологиялар мамандары қажет, компьютерлер ескірген және ауыстыруды қажет етеді, өйткені есірткі бизнесі қазір әлеуметтік желілерде шоғырланған. Алдын алу мәселелерімен 18 мемлекеттік орган айналысады, бірақ нәтижелері қынжыларлық.
Ішкі саясат басқармасы бойынша материалдық базаны қамтамасыз ету, жергілікті баспа БАҚ-ты компьютерлермен, көлік құралдарымен, бейнекамералармен және журналистердің сапалы жұмыс істеуі үшін басқа да техникамен қамтамасыз ету мәселелері бар. Бүгінгі таңда аула клубтарының бір бөлігін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері іс жүзінде шешілді. Бұл жұмысты жалғастырып, басқа аула клубтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгінгі таңда балаларды аула клубтарымен қамтудың нақты талдауы қажет, балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға бару тегін болуы маңызды. Сондай-ақ, үнемі назардан тыс қалатын жұмыссыз жастардың қажеттіліктеріне назар аудару керек.
Дін істері басқармасына қаражат Діндерді зерттеу орталығының жұмысына, жаңа фильмдер түсіруге қажет. Мемлекеттік органдардың қызметі үшін негізгі лимиттер өткен жылмен салыстырғанда кем қарастырылған жоқ. Халықтың әрбір үшінші өкілі жастар. Жастар бос болмауы керек, өйткені қол бостық, тегін спорт секцияларына қатысу мүмкіндігінің болмауы оларды заңсыз әрекеттерге итермелейді.
Депутат Динара Байсеркина жастар басқармасының басшысына аула клубтарына қатысты сұрақ қойды. Депутат Денсаулық сақтау министрлігінен қаладағы медициналық көмек көрсету ұйымдарында, мысалы, Абай көшесінде аула клубы ашылғаны туралы мәлімет келіп түскенін хабарлады. Депутаттардың көмегімен бұл жұмыс бастауын алды, сондықтан басқарма халықты ақпараттандыру тұрғысынан жұмысты жандандыруы керек, қаланың жұмысы көрінуі керек, өйткені қалада өз қызметін гранттар немесе жеке инвесторлар арқылы жүзеге асыратын аула клубтары болуы мүмкін. Қалада, басқармада бұл ұйымдардың қызметі туралы ақпарат неге жоқ.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған аула клубтарын ұйымдастыру мәселесін депутат Арайлым Құмаржанова көтерді. Елордада мұндай балаларға арналған алғашқы аула клубы құрылды, бірақ кіреберіс тобына қатысты проблема бар, табалдырық өте жоғары орналасқан, бұл арбадағы жандар үшін кедергі болып табылады. Мәселе әлі шешілген жоқ, өйткені тұрғындар өзгерістерге қарсы. Бұл мәселені шешуге көмек қажет.
Депутат Айтқожиннің пікірінше, деструктивті секталарға іліккен жастармен жұмысқа назар аудару керек, өйткені қаңтар оқиғалары кезінде жастардың осы бөлігі оқиғаға белсенді қатысқанын бәрі біледі. Дәл осы жұмыс үшін қосымша қаржы сұрау керек.
Депутат Бауыржан Жанқонақов 003 «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысатын азаматтарды көтермелеу» бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасын бір адамға шаққанда 1 АЕК-ке (60 мың теңге) дейін ұлғайтуды ұсынды.