Көгалдандыруға және абаттандыруға бағытталған бюджеттік қаражатты пайдалану тиімділігі
20.10.2022
Қалалық мәслихатта Владислав Сергеевтің төрағалығымен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында «Қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға бағытталған бюджеттік қаражатты пайдалану тиімділігі туралы» мәселе қаралды.
Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары, «Алматы», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының әкімдері және «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары баяндама жасады.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева барлық ағаштар, бұталар, көгалдар мен гүлзарлар деректер базасына енгізіле отырып, қала аумағындағы барлық жасыл екпелерге толық түгендеу жүргізіліп жатқанын баяндады. Бұл жұмыс 95% орындалды және қазан айының соңына дейін аяқталады. Болашақта арнайы мобильді қосымшаның көмегімен интерактивті картада әр цифрланған ағаш бойынша оның орналасқан жерін, түрін, жасын, түгендеу нөмірін, жауапты иесін және басқа да деректерді көруге болады.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Узақов басқарманың қаланы абаттандыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы мәлімет берді. 018 бағдарламасы бойынша екі жоба іске асырылуда – бұл Мыңжылдық аллеясы бойындағы бульварлар мен скверлер құрылысы және Керей-Жәнібек пен 19-С көшелерінің шекарасы бойындағы жағалау құрылысы. Тұрғындардың демалуын ұйымдастыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін Мыңжылдық аллеясы бойында салынатын бульварлар мен скверлердің жобасы әзірленді. Ағымдағы жылдың соңына дейін солтүстік және оңтүстік аллеялар бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.
Атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемалық мәселелер туралы елорда аудандарының әкімдері сөз сөйледі.
Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаттары отырыс барысында көгалдандыру мен абаттандыру мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар мен біраз ескертулер айтты.
Мәселен, елордалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бүгінгі таңда көгалдандыру саласындағы функцияларды жүзеге асыратын бірыңғай оператор, аулаларды абаттандыруда бірыңғай тәсіл жоқ екенін айтты. Ерлан Каналимов атап өткендей, тұрғын үйлердің аумақтарын абаттандырумен және оларды көгалдандырумен өз аудандарының «иелері» болып табылатын аудан әкімдіктері ғана айналысуы керек. Бүгінгі таңда өз функциялары шеңберінде тиісті жұмыстарды орындайтын қалалық басқармалар - отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық, құрылыс, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармалары белгілі бір дәлелді себептерге байланысты аумақтарды абаттандыру жұмыстарын аяқтай алмай қалатын жағдайлар кездеседі және нәтижесінде бұл жұмысты аудан әкімдіктері аяқтауға мәжбүр.
«Күйгенжар» тұрғын алабындағы судың, канализацияның, автобус маршруттарының жоқтығына қатысты мәселелер бойынша депутат Азамат Айтқожин ескерту айтты, сондай-ақ ол осы кентте суды сорғы станциясына қосудың соңғы мерзімі келесі жылдың соңына дейін екенін, және осы мерзімнен кешіктірілмеуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ, депутат «Железнодорожный» тұрғын алабы халқының проблемасын қозғады, онда да канализация проблемасы бар, кәріз сорғы станциясын көшіру қажет.
Депутат Бауыржан Жанқонақов Сембинов көшесі бойындағы ашылған желілерге қатысты ескерту айтты, оның салдарынан жол қазылып тасталған, яғни тиісті жұмыстар соңына дейін жеткізілмеген.
Отырысты қорытындылай келе, Владислав Сергеев елорда аудандарының әкімдіктері жүргізіп жатқан үлкен жұмысты атап өтіп, сонымен қатар оларға аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру бойынша барлық функцияларды беру қажеттігін айтты.