Қалалық мәслихатта Гүлжамал Жапарованың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті
19.10.2022
Күн тәртібінде жергілікті атқарушы органның Астана қаласының этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайтуға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға бағытталған ішкі мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысына қатысты мәселе қаралды.
Мәселе бойынша дін істері басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов және ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамуратов баяндама жасады.
Баяндау барысында Дәурен Бабамуратов құрамына 21 этномәдени бірлестік, «ANK Live» дыбыс жазу студиясы, Азаматтық бастамалар орталығы және т. б. кіретін Достық үйінің қызметі туралы толық ақпарат берді.
Өз кезегінде Нұрдаулет Әлмұханов азаматтық қоғам институтын дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ағымдағы жылы Әлемдік діндер съезі және Қазақстан Республикасы үшін ерекше маңызы бар көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Нұрдаулет Әлмұханов «Жұмақ» фильмінің Ютуб каналында 2 млн қаралым жинағанын және бұл фильмге басқа елдерден келген қонақтар қызығушылық танытқанын, осыған байланысты фильмді араб және ағылшын тілдеріне аударуды сұрағанын атап өтті.
Депутат Бауыржан Жанқонақов өткізіліп жатқан сапалы іс-шаралар, оның ішінде дін жөніндегі әлемдік съездің өтуіне қатысты басқармаға алғысын білдіріп, осылайша әлемдік қоғамдастықтың Қазақстан халқының бейбітшілік пен келісімдегі өмірінің куәсі болғанын атап өтті.
Депутат Динара Оразалина жоғарыда аталған басқармалардың қызметіне оң баға беріп, дін істері басқармасына «Жұмақ» фильмін елорданың барлық жоғары оқу орындарында, колледждері мен мектептерінде көрсетуді ұсынды.
Депутат Арайлым Құмаржанова қоғамның аутизмі бар балалар мен арбадағы мүгедектерді қабылдамайтындығына қатысты шағымдардың түсуіне байланысты, ішкі саясат басқармасына 2016 жылғы кәсіби баскетболшылармен бірлесіп мүгедектігі бар балалар туралы түсірілген роликке ұқсас шығармашылық түсірілімдер түсіруді және оларды барынша кең аудиторияға таратуды ұсынды.
Депутат Бауыржан Жанқонақов ішкі саясат басқармасына халықты ақпараттандыру және іс-шараларды жариялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты ескерту айтты. Қала тұрғындарының көптеген өтініштері газдандыру мәселелері бойынша келіп түсетінін және осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті.
Отырысты қорытындылай келе, Гүлжамал Жапарова жас қызметкерлердің мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтамау мәселелеріне назар аударып, жастарды тәрбиелеу, рухани құндылықты сақтау жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.