Депутаттар жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесін талқылауда
27.09.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, онда «Жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе қаралды.
«Мемлекеттік мүлік туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңдарына сәйкес «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Тізбеге бірқатар әлеуметтік объектілер кірді – жапсарлас салынған үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені, бірқатар көшелер, абаттандыруға арналған учаске, Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту, әкімшілік ғимарат, мектептер, №13 мектепке жапсарлас құрылыс, Оңтүстік-Шығыс аудандық газ қазандығы және т. б.
Қала әкімдігінің «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК басшысы Александр Строчков сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына түсініктеме берді.
Отырыс барысында депутаттардың жер учаскелерінің меншік иелерімен онлайн режимінде кездесуі өтті. Барлық меншік иелері немесе олардың өкілдері отырысқа қатысып, жер учаскесі үшін өтемақы сомасымен келісетіндерін растады. Отырыс төрағасы меншік иелеріне өтемақыны қандай мерзімде алуға болатындығы туралы ақпарат берді.
Тұрақты комиссия отырысын қорытындылай келе, Н. Көпешов шарт жобаларын келісу туралы мәселе мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатынын айтты.