Елорданы қайта атау мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
15.09.2022
Қалалық мәслихатта мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен елорданы қайта атау туралы мәселе бойынша кезектен тыс сессия өтті.
Мәслихаттың кезектен тыс сессиясының жұмысына қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, қала тұрғындары, қала аудандарының әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібі бойынша тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сөз сөйледі. Соңғы төрт жыл ішінде елорданы қайта атау туралы мәселе әлеуметтік желілерде, түрлі платформаларда, офлайн-кездесулер барысында азаматтар тарапынан үнемі көтеріліп отырды. Басқарманың ресми интернет-ресурсына азаматтардан елорданың бұрынғы атауын қайтару туралы 17 өтініш келіп түсті. Елорданы қайта атау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобынан келіп түсті. Ономастикалық комиссияның кезекті отырысында аталған мәселе қаралды. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының елордасы - Нұр-Сұлтан қаласын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» бірлескен әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімінің жобасын қарау ұсынылады. Депутаттар бірлескен құжаттың жобасын мақұлдаған жағдайда, ол республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі.
Жетінші сайланым мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының мүшесі Азамат Айтхожин өзінің елорданың байырғы тұрғыны екенін айтты. Депутат ретінде ол сайлаушылармен жиі кездеседі және бірнеше рет азаматтар қалаға бұрынғы атауын қайтаруды сұраған. 20 жылдан астам Айтхожин спорт саласында еңбек етіп келеді. Астана Қазақстанның танымал брендіне айналды. Қазіргі уақытта қалада елден тыс жерлерге танымал көптеген спорттық ұйымдар, «Астана» велокомандасы, «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы бар.
Жетінші сайланым мәслихат депутаты, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының мүшесі Асқар Смағұлов та елорданың атауын өзгертуді қолдады. Әлемдік тәжірибеде танымал брендке айналған астананың бұрынғы атауын қайтару бойынша орын алған жағдайлар кездеседі. Қазір азаматтар жаңа Қазақстанды құрып жатқан кезде, елорданың атауын өзгерту өте елеулі оқиға болып табылады. Қалада халықаралық ауқымдағы көптеген іс-шаралар өтті, бейбітшілік диалогы, басқа да келіссөздер процестері сияқты Астаналық іс-шаралар баршаның есінде. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясы мүшелерінің атынан Смағұлов партия мүшелері елорданы қайта атау туралы ұсынысты қолдайтынына атап өтті.
Жетінші сайланым мәслихат депутаты, Қазақстан Халық партиясының мүшесі Нұрдәулет Оразханов сөз сөйлеп, елорданың бұрынғы атауын қайтару тарихи оқиға болып табылатынын, өйткені бұл халықтың тілегі екенін мәлімдеді. Халықтық партияның барлық мүшелері елорданың бұрынғы атауын қайтару туралы ұсынысты қолдайды. Астанада әлемдік саясаттың жаһандық мәселелері бойынша ең маңызды кездесулер, диалогтар өтті. Депутаттың пікірінше, тарихи атаудың қайтарылуы елорданың одан әрі дамуы мен гүлденуіне ортақ үлес болып табылады.
Депутат Владислав Сергеев шын мәнінде қайта атау мәселесінде соңғы нүкте қойылады деген үмітін білдірді. Депутат жақында бюджетті кезекті нақтылау өтетінін еске салды, мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымына көшуін ескере отырып, шығындар айтарлықтай болмайды деген үміт бар. Депутаттар бұл шығындарды барынша азайтуға тырысады, өйткені әлеуметтік қамтамасыз етумен байланысты шығындар күтілуде.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мәслихаттың кезектен тыс сессиясын қорытындылай келе, 14 қыркүйекте қалалық ономастика комиссиясының отырысы өткенін, көпшілік тыңдаулар ұйымдастырылып, жұртшылық елорданы қайта атау жөніндегі мәселені талқылауға қатысқанын айтты.
Мәслихаттың сессиясында қабылданған «Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» бірлескен әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімі белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберілетін болады.