Алматы ауданы әкімінің кандидатурасын келісу мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
24.08.2022
Қалалық мәслихатта мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен кадрлық мәселе бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3-тармағына сәйкес кезектен тыс сессия барысында Нұр-Сұлтан қаласы «Алматы» ауданының әкімі лауазымына кандидатураны келісу туралы мәселе қаралды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының басшысы Рахымжан Исақұлов қалалық мәслихат депутаттарына «Алматы» ауданының әкімі лауазымына келісуге Мақсат Саматұлының кандидатурасын ұсынды.
Мақсат Саматұлы «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, химик-сарапшы (2006 ж.) және Орталық Азия университетін мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры (2015 ж.) мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласында Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің мемлекеттік экологиялық сараптама бөлімінің жетекші маманының міндетін атқарушы ретінде бастады. 2009 жылы Астанаға көшкеннен кейін «Астана қалалық коммуналдық шаруашылық» АҚ бас маманы, 2010 жылы – Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің коммуналдық шаруашылық бөлімі бас маманының м.а. болып жұмыс істеді. 2011 - 2015 жылдар аралығында «Мұз айдыны» МКҚК директорының орынбасары, «Алматы» ауданы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы, басшысы болып жұмыс істеді. 2019 жылдың мамыр айында - «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары, 2022 жылдың қаңтарында «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Депутаттар Мақсат Саматұлының аудан әкімі лауазымына кандидатурасын қолдады. Мәслихат депутаттарының атынан Динара Байсеркина мен Алмат Жүнісов сөз сөйлеп, Мақсат Саматұлына жаңа қызметінде табыс тіледі.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қазіргі уақытта барлық салаларда білікті кадрлардың тапшылығы бар екенін атап өтті. Меритократия қағидатының арқасында белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар неғұрлым қабілетті адамдарды жоғары лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттік қызмет кадрларын қалыптастыру көздерінің бірі. Мақсат Саматұлы «Байқоңыр» ауданының санитарлық жағдайын қамтамасыз ету, көгалдандыру және абаттандыру сияқты өте күрделі блокқа жауапты болды.
Мәслихат атынан Ерлан Каналимов «Алматы» ауданының жаңадан тағайындалған әкімін құттықтап, елорданың игілігі үшін қызметте табыс тіледі.