Жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесі талқылануда
16.08.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның «Жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығару туралы шарт жобаларын келісу» мәселесі бойынша отырысы өтті.
Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов сөз сөйлеп, мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына қойылатын, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Тізбеге мынадай әлеуметтік объектілер – жапсарлас салынған үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешендері, бірқатар көшелер, абаттандыруға арналған учаске, мектеп, әкімшілік ғимарат, Интернациональный тұрғын алабындағы сорғы-сүзгі станциясы және т.б. кірді.
Тұрақты комиссияның төрағасы отырысқа онлайн қатысып отырған тұрғын үй иелерімен сұхбаттасты, олар өтемақы сомасымен танысқандықтарын растады.
Көпешов тұрғын үй иелеріне олар өтемақы сомасымен келісімдерін білдіргендіктен, келісімшарт жобалары келісу үшін мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қарауына шығарылатынын айтты.