Депутаттар жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесін талқылады
14.06.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе қаралды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов баяндама жасап, әлеуметтік объектілердің тізбесін атап өтті: Шарль де Голль және А. Тоқпанов көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан көшелер, А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, А50 және А51 көшелерінің (жобалық атауы) квадратындағы, №38 көшеден Абылай хан даңғылына дейінгі (3,4 полигон) көшелер; Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесінің қиылысы ауданында және К. Күмісбеков пен Ш. Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан жапсарлас үй-жайлары мен паркингі бар екі көппәтерлі тұрғын үй кешені.
Тұрақты комиссияның төрағасы Нұрлан Көпешев тұрғын үй иелерімен онлайн режимінде кездесу өткізді, олар ұсынылып отырған өтемақы сомасымен келісетіндерін білдірді.
Жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу мәселесі мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қарауына шығарылады.