Жеңілдік берілген адамдарға тегін жол жүру
25.06.2018
Қоғамдық көліктегі жаңа сараланған тариф жеңілдік санатындағы жолаушыларға әсер етпейді. Бұл туралы "Астана LRT" ЖШС төрағасы Бекмырза ИГЕНБЕРДИНОВ астаналық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында баяндады.
- Енгізілген сараланған тариф жеңілдікті санаттағы тұлғаларға ешқандай қатысы жоқ, олар қоғамдық көлікте жол жүру төлемінен босатылады, - деді сөз барысында Бекмырза Игенбердинов.
Астанада алты жеңілдікті санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте жол жүру төлемінен босату түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі: жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың заңды өкілдеріне (ата-аналарына).
Жеңілдік санатындағы азаматтарда тегін жол жүру үшін атаулы көлік картасы болуы тиіс.
Шілде айының ортасында астаналық қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізу жоспарланып отыр, оған сәйкес жол жүру үшін төлем ақы құны көлік картасымен 90 теңгені құрайды. Электронды картаны пайдалану немесе сатып алу қажеттілігін көрмейтіндер үшін төлем ақы 180 теңгені құрайтын болады.
Б. Игенбердиновтың айтуынша, бұл жолаушылар тасымалынан түскен табыстарды барынша көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді, осылайша, қала бюджетіне салық
түсімдерін көбейтуге болады. Жаңашылдықтар, сондай-ақ, тасымалдаушыларға жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді.
- Валидация есебінен, көлік картасын пайдалану арқасында біз қанша нақты жолаушылардың жол жүргенін жүйеде бірден көре аламыз, - деп атап өтті Б. Игенбердинов.
Қалалық және қала маңындағы қатынастарда жолаушылар мен жолжүкті тұрақты тасымалдауларға тарифтерді келісу мәселесін Астана маслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қарауға ұсынылды.