Елордада балалар мен жасөспірімдер мектептерін дамыту перспективалары
19.04.2022
Қалалық мәслихатта Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Депутаттар «Елордада балалар мен жасөспірімдер мектептерін дамыту перспективалары туралы» мәселені қарады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ басшысы Самат Жылқыбаев баяндама жасады. Басқарма басшысы депутаттарға қалада 11 спорт мектебі жұмыс істейтінін хабарлады (6 – ОРМБЖМ, 3 – МБЖСМ, 1 – БЖСМ және 1 – мүгедек спортшыларға арналған БЖСМ). Мектептерде спорттың 60 түрі дамыған (37 – олимпиадалық, 11 - олимпиадалық емес, 12 - мүгедектер спорты). 58 бөлімде 8655 оқушы оқу-жаттығумен айналысады.
2022 жылдың І тоқсанында елордалық БЖСМ спортшылары спорттық жарыстарда 1751 медаль жеңіп алды.
Депутат Владислав Сергеев депутаттар спорт басқармасын белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Сергеев шаңғышылар мен су спортшылары базасына қатысты бірнеше рет мәселе көтергенін еске салды. Қазір Барыс бойынша өтінім енгізілуде, жағдайды пайдаланып, балалар Барыс Аренада жаттыға алуы үшін келісімшартқа осы талапты енгізу керек, сондай-ақ футболшылардың мәселелерін шешу қажет. Жан басына қаржыландыру көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Депутат Азамат Айтхожин депутаттар ӘКК-ге барғанын, онда шаңғышылар үшін базаға жер бар екені анықталғанын хабарлады. Айтхожин футбол клубының құрылтайшысы кім екенін сұрап, қалалық клуб құруды ұсынды. Қыста елордада футбол ойнауға орын жоқ. Депутаттың пікірінше, басқарма жабық ареналарға және тез салынатын ғимараттардың құрылысына қаржы сұрауы керек.
Депутат Батыр Котырев жаңа спорт ғимараттарын салуға қатысты әріптесін қолдады, өйткені, мысалы, №8 БЖСМ тәрбиеленушілері кез-келген жерде айналысып жүр, оларға жаттығу уақыты қалдық принципі бойынша ұсынылады.
Депутат Динара Оразалина өзіне бекітілген аумақта орналасқан «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» КММ қолдап сөз сөйледі. Орталықта 56 бала бар. Олардың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі жоқ. Депутат келуге тілек білдірушілерді, соның ішінде спорт басқармасының басшысын 28 сәуірде орталыққа шақырды.
Депутат Бақдәулет Жанділдаев басқарма ұсынған БЖСМ тізімі туралы ескерту айтты, мектептерді тізімде көрсетілген мекенжайлар бойынша табу мүмкін емес, кейбір ақпараттар қате. Депутат БЖСМ мекенжайлары түзетілген жағдайда, осы ақпаратты таратуға көмектесуге дайын екенін айтты.
Тұрақты комиссияның төрайымы Алтыншаш Табулдина басқарма басшысының жағдайды білмейтініне, бүгінгі күні спорт секцияларының толтырылуына талдау жасалмағанына қатысты ескерту жасады. Сонымен қатар, проблемалық мәселелер құрылымдалмаған. IKomek-ке спортпен шұғылдану кезінде жарақат алу жағдайлары туралы (1 мыңнан астам) шағым түседі.
Депутат Азамат Айтхожин жобаны арзандату мүмкіндігін пайдалана отырып, Қазақстан сарайының құрылысы барысында көптеген әмбебап залдар салуды ұсынды. Ең басты мәселе - қалада спорт мектептері үшін жаңа ғимараттар жоқ, қазір ең болмағанда спорт құралдарының жетіспеушілігі мәселесін шешу керек.
Депутат Нұрдәулет Оразханов Тәуелсіздік сарайына қатысты сұрақ қойды, депутаттар онда бару кезінде шешінетін орындар, душ бөлмелері, спортпен айналысуға жағдай жоқ екенін анықтады. Жалпы, бірде-бір БЖСМ балалар үшін қолайлы жағдайлармен ерекшеленбейді.
Депутат Саят Бәтпенов база, құрал-жабдықтар жоқтығынан басқа, тағы бір мәселе - жаттықтырушылар жалақысының аз екенін атап өтті. БЖСМ-де белгілі бір жетістіктер күтілетін, дайындығы өте жақсы балалар айналысады. Бұл саладағы кадрлар мәселесі күрделі. Депутат қазіргі уақытта аулофит жобасының жұмысы туралы сұрады.
Сондай-ақ, депутат Ғабит Тәжімұратов та спорт нысандарына бару нәтижесі бойынша сөз сөйледі. Ол депутаттардың көпшілігі өздері де спортпен шұғылданатынын және проблемалар туралы нақты білетінін айтты. Депутат басқарма басшысына шаңғы базасы үшін жердің бар-жоғын анықтау мәселесімен мәслихат хатшысы емес, басқарма басшысы айналысуы керек деп ескерту айтты. Басқарма басшысының бұл мәселені шешуге өкілеттігі жеткілікті. Депутат сенбі күні шаңғы базасына қайта барып, қызметкерлерге барлық ақпаратты жеткізуді ұсынды.