Комиссияның жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесі жөніндегі отырысы
29.03.2022
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығару туралы шарт жобасын келісу мәселесі қаралды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов депутаттардың қарауына мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Әлеуметтік нысандар тізбесіне енгізілгені: Қосшығұлұлы көшесі, №8 үй маңын абаттандыру; С.Сейфуллин және Асан Қайғы көшелері ауданында саябақ салу; 600-800 орындық көпбейінді аурухана салу; Шарль де Голль және А.Тоқпанов көшелері ауданында жол салу; А 50 және А 51 көшелерінің (жобалық атауы) құрылысы; Хусейн бен Талал көшесінің құрылысы.
Тұрақты комиссияның төрағасы отырысқа онлайн режимінде қатысып отырған жер учаскелерінің меншік иелерін олар өтемақы сомасымен танысқандықтан және шартқа қол қоя отырып, өз келісімдерін растағандықтан, мәселе мәслихат сессиясының қарауына жіберілетіні туралы хабардар етті. Мәслихат сессиясы өткізілгеннен кейін жер учаскелерінің меншік иелері өздеріне тиесілі өтемақы сомасын алуға құқылы.