Қала аудандары әкімдерінің кандидатураларын келісу мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
10.02.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.
Сессия барысында елорда әкімдігіндегі тағайындаулар туралы мәселе қаралды.
Қала әкімі Алтай Көлгінов депутаттарға Асхат Оралов пен Асқар Амриннің басқа жұмысқа ауысуларына байланысты, елорда әкімінің орынбасарлары тағайындалғанын хабарлады.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша меритократия қағидатына сәйкес қала әкімінің орынбасарлары болып Есет Байкен мен Берік Жакенов тағайындалды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3-тармағына сәйкес кезектен тыс сессия барысында Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері лауазымдарына тағайындау туралы мәселе қаралды.
Меритократия қағидатына сәйкес және мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Сарыарқа ауданының әкімі болып Жұмағұлов Жүсіп Рахатұлы тағайындалды.
Сарыарқа ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі болып табылады, қала әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын «Астана-жаңа қала» АЭА әкімшілендіру басқармасының бас маманы ретінде бастаған. 2016-2019 жылдары «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ басшысының орынбасары, елорданың қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Есіл ауданының әкімі болып Есенбаев Асылбек Есімханұлы тағайындалды. Есенбаев А.Е. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, саяси ғылымдар кандидаты.
Еңбек жолын Қазақстанның даму институтының ғылыми қызметкері болып бастаған, ғылыми-зерттеу ұйымдарында жұмыс істеген, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Әр жылдары елорда әкімдігінде, ҚР Президентінің Әкімшілігінде, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде қызметтер атқарған. 2019 жылдан бастап 2021 жылдың наурызына дейін Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасының, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2021 жылдың сәуір айынан бастап «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» КЕАҚ Басқарма төрағасы болған.
Мәслихат депутаттары аудан әкімдері лауазымына ұсынылған кандидатураларды қолдап, жаңа лауазымда табысты жұмыс тіледі.