Тұрақты комиссияның жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесі жөніндегі отырысы
02.02.2022
Қалалық мәслихатта «Zoom» сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Тұрақты комиссия отырысының күн тәртібінде «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе қаралды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов баяндама жасады. Ол әлеуметтік нысандардың тізімін ұсынып, депутаттардан жер учаскелерін сатып алу туралы шарттың жобасын қолдауды сұрады.
Аталған іс-шара «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 3) тармақшасына және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 4) тармақшасына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес іске асырылады.
Тұрақты комиссияның отырысына онлайн режимінде жер учаскелерінің 33 меншік иесі қатысып, өтемақы сомасымен келісетіндігін растады.
Комиссия төрағасы Нұрлан Көпешов бұл мәселе мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қарауына шығарылатынын, ол өткеннен кейін олар өздеріне тиесілі өтемақы сомасын алуға құқылы екенін хабарлады.