ЖЭО-3 қуаттылығы елорданың 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй-жайларын жылытуға мүмкіндік береді
22.01.2022
Елорда әкімі Алтай Көлгіновпен бірге мәслихат хатшысы құрылысы 10 жыл бұрын басталған ЖЭО - 3-те құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен танысты. Мердігерге осы жылы нысанды өткізу тапсырылды. 2022 жылдың күзінде осы жылу-энергия орталығының қуаты сағатына 240 гигакалорияны құрайды, ал келесі жылы 360 Гкал/сағаттан асады.
"ЖЭО-3 қуаттылығы елорданың 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй-жайларын жылытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қуаттылығы 1600 Гкал/сағ болатын үш газ қазандығын жобалау жүргізілуде, бұл жабдық 22 млн.шаршы метрден астам тұрғын үйді жылумен қосымша қамтамасыз етуге көмектеседі", - деп атап өтті мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Айта кетейік, қазандықтарды газға көшіру "Nur Otan" партиясы елордалық филиалының Жол картасындағы сайлауалды уәделерінің бірі болып табылады.