Мәслихат сессиясы: астананың 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің жобасы
15.12.2021
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен мәслихаттың кезекті сессиясы өтті.
Мәслихат сессиясының жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Депутаттардың қарауына "Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің жобасы туралы" мәселе енгізілді. "Нұр-Сұлтан қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" ММ басшысы Қайсар Манқараев депутаттарға Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленіп, дайындалғанын хабарлады. Енгізілетін бюджет жобасы Қоғамдық кеңестің отырысында, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және Nur Otan партиясының депутаттық фракциясының отырыстарында алдын ала мақұлданды.
2021 жылдың І жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 5,1% өсіммен 3 210,9 млрд.теңгені құрады. Өңірдің ЖІӨ-дегі үлесі – 10,0%. 2021 жылдың 3 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Еңбек бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыру шамамен 23 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұдан әрі ол бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің негізгі шығыстары туралы қысқаша ақпарат берді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Нұрлан Көпешов мәслихат сессиясына қатысушыларды бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның қорытындысымен таныстырды. Депутат Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 78-бабына сәйкес бюджет жобасы талданып, жан-жақты талқыланғанын айтты. Бюджет жобасын қарау нәтижелері бойынша депутаттар көтерген барлық проблемалық мәселелер, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қосымша қажеттілігі қарап, тиісті шаралар қабылдау үшін Астана әкімдігіне жіберілді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй құрылысы объектілерін салу кезінде белгіленген талаптардың бұзылуы салдарынан ақаулар мен кемшіліктерді жоюға жергілікті бюджеттен қосымша ақша қаражатын бөлу талап етіледі, бұл бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын көрсетеді.
Қорытындылай келе, тұрақты комиссия төрағасы бағдарлама әкімшілерін астана бюджетінің жобасын талқылау барысында астана тұрғындары көтерген және қалалық мәслихат депутаттары айтқан барлық проблемалық мәселелерді бақылауға алуға және оларды оң шешу үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды.
Депутат Айтжан Әбдіров цифрландыру басқармасын қаржыландыру ағымдағы жылмен салыстырғанда қаншалықты өскенін, жеткілікті ме екенін сұрады.
Депутат Талғат Нәрікбаев бюджетте Полиция департаменті мен ТЖ департаментінің проблемалық мәселелерін қаржыландыру қарастырылған ба деген сұрақ қойды.
Депутат Саят Батпенов қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбековке көлік кептелісі мәселесіне кешенді түрде қарау қажеттігі жөніндегі мәселемен жүгінді. 2018-2019 жылдары әкімдік астана жолдарындағы проблемаларды шешуге айтарлықтай ықпал еткен бірнеше инновациялық әдістерді қолданды. Бұл қоғамдық танспорт үшін бөлінген жолақ, айналма жол құрылысы, Сергек жобасы, ақылды бағдаршамдар, ұйымдар жұмысының басталу уақытын каскадтау, ақылы тұрақтар, халықпен жұмыс істеу және жолдардағы жағдайды айтарлықтай жеңілдететін басқа да тәсілдер. Ағымдағы жылы жағдай нашар жағына өзгерді, кеш батса қала бойынша жүру мүмкін емес. Қала тұрғындарының тұрақты өсіп келе жатқаны баршаға белгілі. Қалада кептелістер мәселесі қалай шешіледі, уәкілетті мемлекеттік орган қандай қадамдар жасайды, мәселені шешуге жергілікті қоғамдастық қалай тартылады. Депутат бұл мәселені мәслихат алаңында талқылауды ұсынды.
Әкімнің орынбасары Нұрлан Солтамбеков бұл мәселе "City transportation systems" ЖШС алаңында өткен түрлі деңгейдегі жиналыстарда бірнеше рет талқыланғанын айтты. Қала динамикалық дамып келеді, қарқынды құрылыс жүріп жатқан аудандар анықталды. Жыл сайын 3,5 млн.шаршы метр тұрғын үй салу туралы Үкіметтің тапсырмасы бар. Локдаун алынғаннан кейін көлік саны 30 мыңға жуық бірлікке ұлғайды. Екі көпірдің құрылысы да бұл мәселені шешпейді, өйткені бұл алдағы екі жылдағы жағдайды ғана жақсартады. Қолайлы қалада жаяу жүргіншілер үшін басымдық жасалуы керек. Нұрлан Солтамбеков құрамына Әкімшілік полиция өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері кіретін жұмыс тобын құруды және Астана Бас жоспар алаңында кеңес өткізуді ұсынды.
Мәслихат хатшысы қала әкімі орынбасарының ұсынысын қолдап, аталған мәселені келесі жылдың қаңтар айына арналған бейінді комиссияның жұмыс кестесіне енгізуді ұсынды.
Депутат Алмат Жүнісов бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің осы мәселе бойынша кеңес өткізгенін атап өтті.
Ерлан Каналимов екі тұрақты комиссияға мәселені шешу үшін бірігуді және жұмыс тобының құрамына кіруді ұсынды.
Депутат Назгүл Мағжанова бұған дейін құрылыс және цифрландыру басқармаларына депутаттық сауалдар жолданғанын, алайда Үркер тұрғын үй алабында мектеп, денсаулық сақтау, білім беру саласы қызметкерлеріне арналған жатақхана құрылысына, сондай-ақ бейнебақылау камераларын орналастыруға қатысты жауаптар алмағанын және түрлі басқармалардың жауаптары әртүрлі берілетінін, біреулері құрылыс жоспарлануда деп жауап берсе, ал кейбіреулері құрылыс жоспарланбайды деп жазатындарын айтты. Жатақхана құрылысына қатысты мәселе осы тұрғын үй алабы үшін өте өзекті, өйткені бұл көп пәтерлі тұрғын үй кешендері жоқ қаланың шеті болып табылады және ДШСК, мектеп және медициналық мекемелер іске қосылғаннан кейін шұғыл түрде мамандарды орналастыру мәселесін шешу қажет болады.
Ерлан Каналимов құрылыс және цифрландыру басқармаларының басшыларына мәслихат депутаты үшін толық ақпарат дайындауды ұсынды. Ол Ильнка тұрғын алабында мұқият жұмыс жүргізілгенін және көптеген мәселелер күн тәртібінен алынғанын айтты.
Депутат Владислав Сергеев дүйсенбіде депутаттар бюджет жобасын қарастырғанын және шет аймақтардың көптеген мәселелері шешімін тапқанына қуанғанын атап өтті. Келесі жылдың мамыр айында даму бюджетін талқылау кезінде шет аудандардың мәселелері ескерілетін болады, себебі бюджет жобасы әлеуметтік бағдарланған жоба.
Депутаттар 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын қолдады.
"Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы" ММ басшысы Әнуар Саипов мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісуге ұсынды. Тізімге әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, көппәтерлі тұрғын үй кешендері, көшелер, жолдар, қоғамдық кеңістіктер енді. Әнуар Саипов жобаларды қолдауды сұрады, өйткені жер учаскелерінің меншік иелерінің бағалау сомасымен жазбаша келісімі бар.
"Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасы" ММ басшысы Арсен Жанғасканов "Нұр-Сұлтан қаласында алты жалпы білім беретін мектептің құрылысы және пайдалану" мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы" Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының 2021 жылғы 14 сәуірдегі шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" мәселе бойынша сөз сөйледі. Ол депутаттар мен кезекті сессияның қатысушыларына қазіргі уақытта қалада оқушы орындарының тапшылығы байқалатынын, 8 мектепте үш ауысымда оқытатынын, 14 мектеп қауырт жұмыс режимімен жұмыс істейтінін хабарлады. Ағымдағы жағдайға байланысты конкурстық рәсімдер өткізілді.
Депутат Ләззат Разбекова-Тілеуханова жаңа мектептерді жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде ағымдағы жылы орын алған проблемаларды ескеруді ұсынды.
Депутат Азамат Айтхожин жаңа мектептер салу мәселелерін талқылау барысында, мысалы, жаңа мектептерде кім оқитынына қатысты көптеген сұрақтар туындағанын атап өтті. BINOM басшылығы депутаттарды бірінші кезекте мектептерге мектеп аумағына жақын тұратын балалар қабылданады деп сендірді. Ол алдағы уақытта да BINOM мектептерінің қамқоршылық кеңестерінің құрамына мәслихат депутаттары кіретініне үміттенетінін айтты.
Мәслихат хатшысы кезекті сессияға қатысушыларға үш жаңа мектептің қамқоршылық кеңестерінің құрамына мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері енгізілгенін және бұл тәжірибе одан әрі жалғасатынын хабарлады.
Депутат Владислав Сергеев BINOM басшылығы қамқоршылық кеңесіне мүше депутаттармен белсенді жұмыс істеуді сұрады, өйткені осы уақытқа дейін басшылықтан ұсыныстар түспеген, сондай-ақ депутат қамқоршылық кеңес шеңберінде бірлескен қызметті жандандыруға бастама жасады. Сонымен қатар, ол азаматтардың BINOM мектептері бірінші кезекте осы аумақта тұратын балаларға арналған орталыққа айналуы туралы тілектерін білдірді.
Кезекті сессияда Нұр-сұлтан қаласының жетінші шақырылым мәслихатының 2022 жылға арналған жұмыс жоспары, қалалық мәслихат сессияларында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалу барысы туралы мәселе талқыланды.
Барлық көтерілген мәселелер бойынша мәслихат шешімдері қабылданды.