Елорда көшелеріне атау беру және қайта атау мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар
30.11.2021
Қалалық мәслихатта Талғат Нәрікбаевтың төрағалығымен Zoom сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында көпшілік тыңдаулар өтті.
Көпшілік тыңдаулардың тақырыбы - «Қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы». Мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы» ММ басшысы Сакен Есіркеп баяндама жасады. Ол көпшілік тыңдауларға қатысушыларды есімдерін қала көшелеріне беру ұсынылған көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың, журналистердің, халық батырларының қоғамның, ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан үлестері туралы хабардар етті.
ҚР Көркемөнер академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов сөз сөйлеп, қала көшелеріне көрнекті тұлғалардың есімдерін беруді талқылау процесі 2-3 жыл бойы жүріп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, процесс ұзаққа созылып кетті, сондықтан ол депутаттарға ұсынылып отырған тізімді келісуді ұсынды.
ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты басшысының м.а., тарихшы, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған сөз сөйлеп, ұсынылған барлық көрнекті тұлғалардың есімдері алдын ала мұқият талқыланғанын атап өтті және ономастикалық комиссияның ұсыныстарын қолдауды сұрады.
Депутат Азамат Айтхожин Тасарал, Мақтымқұлы, Бухарест, Шұбартау атауларына қатысты сұрақ қойды. Депутат бұл тізімде негізінен мәдениет қайраткерлерінің есімдері екенін, дегенмен футбол командасының капитаны, СҚҚ президентінің бас хатшысы және кеңесшісі болған, өз жетістіктерімен Қазақстанды танытқан спортшылардың бірі Тимур Сегізбаевтың есімін беру бірнеше жыл бойы ұсынылып келе жатқанын айтты. Целиноградтықтардың ішінен көрнекті тұлғалар бар, бірақ қолданыстағы ережелер бойынша көшеге немесе басқа объектіге аты берілмес бұрын, адам қайтыс болған күннен бастап кем дегенде 5 жыл өтуі керек.
Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова Шұбартауға атау беруге қатысты әріптесін қолдап, Бекболат батырдың есімін беруге қатысты күмәнін білдірді, өйткені басқарма ұсынған ақпарат өте аз.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов көпшілік тыңдауларды қорытындылай келе, депутаттар өз қызметінің басынан-ақ осы процеске белсенді қатысып, Республикалық ономастикалық комиссияға 18 ұсыныс енгізгенін, оның ішінде 1 ұсыныс қолдау таппағанын атап өтті. Мәслихат хатшысы көшелерге көрнекті тұлғалардың есімін беру процесі үш жылға созылғанын ескерте келе, кейбір атауларды алып тастап, ұсынылған тізімді келісуді ұсынды.
Ол сондай-ақ көшеге атау беру механизмін, атау берілетін көшелерде қанша үй, пәтер бар екенін, осы көшелерде қанша адам тұратынын, бұл процесс тұрғындарға қалай әсер ететінін, тұрғын үй құжаттарын ауыстыруға қанша уақыт кететінін, қанша тұратынын және т.б. мәселелер бойынша түсініктеме беру үшін, келесі отырыстарға көшелері мен басқа да объектілеріне атау берілетін немесе қайта аталатын аудандардың әкімдері, сәулет басқармасының басшысы міндетті түрде қатысуы керектігін ұсынды.
Көпшілік тыңдауларды аяқтай отырып, төраға Талғат Нәрікбаев көпшілік тыңдаулардың нәтижелері бойынша хаттама дайындалатынын, ол қалалық әкімдіктің сайтында, БАҚ-та орналастырылатынын, сондай-ақ Республикалық ономастикалық комиссияға жіберілетінін атап өтті.