Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы
12.08.2021
Ерлан Каналимовтың төрағалығымен қалалық мәслихатта Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.
Кезектен тыс сессияның күн тәртібінің «Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2021 жылғы 14 сәуірдегі № 34/4-VII «Нұр-Сұлтан қаласында алты жалпы білім беретін мектеп салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» бірінші мәселесі бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқармасы» ММ басшысының м.а. Амангелді Саттаров сөз сөйледі.
Амангелді Саттаровтың айтуынша, қазіргі уақытта елордада оқушы орындарының тапшылығы сақталуда, ол 29 мыңнан астам орынды құрайды, әлі күнге дейін үш ауысымда оқытатын 4 мектеп, тығыздалған жұмыс режимі бар 14 мектеп жұмыс істейді. Осыған байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде 4 мектеп салу бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды.
Жаңа мектептің «Есіл» ауданындағы Е51, Е69, Е70 көшелерінің қиылысындағы орналасатын жерін таңдау осы аумақта мемлекеттік мектептердің болмауына байланысты, жақын маңдағы №59 мектеп-лицейде үш ауысымды оқыту.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында мектеп құрылысына қатысты мәселе талқыланғанын және депутаттардың өтініші бойынша басқарма мектеп құрылысы бойынша қосымша ақпарат ұсынғанын атап өтті.
Депутат Владислав Сергеев депутаттардың білім беру ұйымдарын аралауы барысында мектептердің сапасыз салынғанына көз жеткізгенін атап өтіп, бару қорытындылары бойынша ұсыныстар айтты. Мәселен, жақында №76 мектеп-лицей пайдалануға берілді, онда акт залының үстіндегі шатырдан су ағып жатыр. Мектепті тапсыру кезінде бұл ақау анықталған. Депутат кепілдік мерзімінің аяқталатынына, егер мердігер міндеттемелерді орындамаса, шатырды жөндеу қалалық бюджетке артылатынына алаңдаушылық білдірді. Мұндай жағдайда директордың бұл мәселені шешу үшін жеткілікті біліктілігі жоқ бола тұра, проблеманы өзі шешуге тура келеді. Құрылыс басқармасы бұрын тапсырылған, кепілдік мерзімі аяқталатын және уақыт бар кезде дереу араласуды қажет ететін мектептер бойынша жағдайды бақылауға алуы керек.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №220/25-VI «Нұр-Сұлтан қаласының ортақ су пайдалану қағидалары туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы» мәселе бойынша «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті» ММ бастығы Қуанар Базарбаев баяндап берді.
ТЖД бастығы Ортақ су пайдалану қағидаларына өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға нақты тыйым салынған орындарды анықтауға байланысты енгізіліп жатқанын айтты. Жабдықталмаған жерлерде адамдардың қаза болу фактілеріне жол бермеу үшін Ортақ пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.
Қуанар Базарбаев депутат Батыр Котыревтің айтқан ескертулері бойынша жұмыс тәртібінде шаралар жүргізілгенін айтты.
Депутат Батыр Котырев сөз сөйлеп, депутаттар бұл мәселені өңірлік Экологиялық кеңес мүшелерімен және заңгерлермен бірге Қағидаларда жалпы тұжырымды қалдыру және оларға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің талабы бойынша нақты географиялық координаттарды қосу жөнінде пысықтағанын атап өтті, өйткені Қағидалардың ескі нұсқасында тыйым салу үшін жалпы қабылданған негіздер көрсетілген: су қоймасында шлюздердің, сарқынды суларды ағызу орындарының, су бұрылу орындарының жанында, жылдам ағынды және т.б. жерлерде пайдалануға болмайды. Координаттар бойынша жақсы жұмыс жүргізілді. Бұзушылық болған жерлерді практикалық зерттеу және бекіту арқылы бұл орындар дұрыс белгіленді.
Сондай-ақ, депутат Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне адамдардың өмірі мен денсаулығына зиянды қоспаларды анықтау үшін су алуды тұрақты түрде жүргізуді және су ортасының сапасын қоғамдық мониторингтеу аясында талдау нәтижелерін айына кемінде 1 рет өз сайтында және әлеуметтік желілерде жариялап отыруды ұсынды. Бұған қоса, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, Есіл бассейндік инспекциясы ТЖД-мен бірлесіп, суға шомылу үшін жабдықталған орындардың санын арттыру бойынша ұсыныстар енгізулері қажет.
«Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысы Сәуле Нұрғожина сөз сөйлеп, депутаттарды кадрлық өзгерістерге байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2021 жылғы 30 маусымдағы №53/7-VII «Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанына ақы төлеуге азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі комиссияның құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізілгені туралы хабардар етті.
Кезектен тыс сессияның қарауына шығарылған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.