Мәслихат депутаттары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін автобустардың қолжетімділігі бойынша рейд өткізді
28.05.2021
Елордалық мәслихат депутаттары қалалық қоғамдық көлік пен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол жетімді нысандар бойынша мониторинг жүргізе бастады. Автобустардың алғашқы тексерісі барлық қалалық көліктер мүгедектер арбасын көтеру жүйелерімен жабдықталмағанын, барлық жерде қауіпсіздік белдіктері жоқ екенін көрсетті. Оның үстіне, бұл механизмдер бар жерде жүргізушілер оларды қалай пайдалану керектігін білмейді.
"Депутаттық корпус бойынша әріптестер қалалық маршруттардың жүргізушілері үшін үнемі нұсқаулық жүргізу қажет деген бірауыздан пікірге келді. Мониторинг жүргізуде елорда әкімінің кеңесшісі Ардақ Отарбаевқа ерекше алғысымды білдіргім келеді. Оның кеңестері мен консультациялары бізге үнемі маңызды шешімдер қабылдауға көмектеседі", - деді қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов.
Депутаттық корпустың рейдтері тұрақты негізде, әрі жауапты құрылымдардың өкілдерін тартпай өткізілетін болады. Барлық ескертулер жауапты органдарға, құрылыс компанияларына, бизнес - құрылым өкілдеріне беріледі. Сонымен қатар, барлық ескертулерді жою қатаң бақылауда болады.