Астана көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша көпшілік тыңдаулар
19.04.2021
Қалалық мәслихатта Талғат Нәрікбаевтың төрағалығымен ZOOM сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында көпшілік тыңдаулар өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы мәселе қаралды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және қалалық ономастика комиссиясының хаттамасына сәйкес, Алматы, Есіл аудандарындағы көшелерге атау беру және Байқоңыр ауданындағы тұйық көшені қайта атау туралы ұсыныс енгізіледі.
Көпшілік тыңдауларды өткізу туралы ақпарат қалалық «Астана Ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінде, қалалық мәслихаттың сайтында жарияланды.
Қоғамдық тыңдау жұмысына тұрғындар, қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері, елорда басқармалары мен ведомстволарының басшылары қатысты.
Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев сөз сөйлеп, көпшілік тыңдауларға қатысушыларды 2021 жылғы 5 сәуірде қалалық ономастикалық комиссияның отырысы өткендігі туралы хабардар етті. Отырыс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының «Алматы» ауданы бойынша мынадай атаулар беру ұсынылады:
- жобалық атауы А20 көшесіне – Қалижан Бекхожин көшесі;
- жобалық атауы А33 көшесіне – Әбубәкір Тыныбаев көшесі;
- жобалық атауы А41 көшесіне – Ұзақбай Қараманов көшесі;
- жобалық атауы А349 көшесіне – Қаршыға Ахмедияров көшесі;
Нұр-Сұлтан қаласының «Есіл» ауданы бойынша:
- жобалық атауы А30 көшесіне – Күлтегін көшесі;
- жобалық атауы А607 көшесіне – Ғабдолла Тоқай көшесі.
Қайта атау:
- Нұр-Сұлтан қаласының «Байқоңыр» ауданы бойынша:
- Күлтегін тұйық көшесі – Биші қайың тұйық көшесі.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов көпшілік тыңдауларға қатысушыларға атаулар беруге және қайта атауға байланысты мәселелер бірнеше рет талқыланғанын және көптеген сындарлы ұсыныстар, сын айтылғанын хабарлады. Осыған байланысты комиссия құрылып, оның құрамына депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері кірді.
Қазіргі уақытта көшелерге атау беру және қайта атау процесін тоқтата тұру, ағымдағы жылдың 1 мамырынан 1 қазанына дейін республика бойынша мораторий жариялау туралы шешім қабылданды.
Мәслихат депутаттары мораторийге бөлінген уақытты пайдалануға, атаулар беру және қайта атау процесінің алгоритмін әзірлеуге және барлық келесі іс-шараларды Қоғамдық кеңеспен бірлесіп ашық режимде өткізуге шешім қабылдады.
2019 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген 1) тарихи тұлғалар және 2) географиялық атаулар тізімін жасаған еді.
Мәслихат депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге осы тізімдермен жұмыс жүргізді. Тізімдегі атаулардың шамамен 60% бөлігін елорда көшелері алды. Бұл тізімге мәслихат депутаттарының, Қоғамдық кеңес мүшелерінің, елорда тұрғындарының ұсыныстарын енгізу мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта депутаттар атау беру бойынша ұсыныстары бар тізімді дайындауда, Қоғамдық кеңес мүшелеріне де осы іс-шараға қатысу ұсынылады.
Өткен көпшілік тыңдаулардың хаттамасы БАҚ-та және қала әкімдігінің ресми сайтында орналастырылады.