Елордалық сайлау комиссиясы мен қалалық мәслихат Дүниежүзілік сайлау күніне арналған дөңгелек үстел өткізді
04.02.2021
Дүниежүзілік сайлау күні ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі. Іс-шараға қалалық сайлау комиссиясының, әкімдік, мәслихат және саяси партия филиалдарының өкілдері қатысты.
Нұр-Cұлтан қалалық сайлау комиссиясының Төрайымы Бақыт Бектемісова атап өткендей, Дүниежүзілік сайлау күні 2005 жылы Дүниежүзілік сайлау ұйымдарының конференциясында бекітілді. Мереке азаматтардың сайлауға қатысу құқығын және демократиялық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуді білдіреді.
"Дүниежүзілік сайлау күні - азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға бағытталған. Бұл күн азаматтардың сайлауға қатысуға жалпы құқығын еске түсіреді және әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы білімді кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қатысуына ықпал етуге бағытталған. Осылайша, ол азаматтардың сайлауға қатысу жалпыға ортақ құқығының символы және демократиялық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын дамытудың маңызды нысаны болып табылады", - деді Бақыт Бектемісова.
Елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов таяудағы сайлаудың қорытындыларына тоқталды.
"Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы елордада бес саяси партия өкілдері мен бақылаушылардың қатысуымен өте жоғары деңгейде өтті", - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов.
"Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығы қамтамасыз етілді. Бұл қалалық штабтың да, сайлау комиссияларының барлық мүшелерінің де зор еңбегі. Құқықтық тәртіп пен эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция және ТЖ департаменттерінің қызметкерлері, сондай-ақ біздің дәрігерлер үлкен қолдау көрсетті. Барлық қабылданған шаралардың арқасында біз сайлаушылардың көптеп келуіне қол жеткіздік", - деп жалғастырды ол.
"Қазіргі таңда үш саяси партия өкілдері елордалық мәслихат депутаттарының мандатына ие. Біздің ортақ мақсатымыз - Елорда тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу және қала халқының әл-ауқатын арттыру. Менің ойымша, бірлесе атқарған жүмыстың арқасында қала тұрғындарының мүддесі үшін біз іс жүзінде бізге көрсетілген сенімді ақтаймыз", - деп атап өтті Ерлан Каналимов.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, сайлау процесін ұйымдастыру саласындағы отандық заңнаманы жетілдіру жөніндегі шараларды талқылады.
Іс-шара соңында мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өкілдеріне ҚР Парламенті Мәжілісі мен елордалық мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге қосқан үлесі үшін ҚР Орталық сайлау комиссиясынан алғыс хаттар табыс етілді.