Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Парламенті Сенатына депутатты сайлау
12.08.2020
12 тамызда елордада мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мажит Зейноллаұлы Шайдаровтың төрағалық етуімен Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау жөніндегі таңдаушылардың бірлескен отырысы өтті.
Қалалық мәслихат депутаттарынан басқа отырысқа қалалық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына ұсынылған кандидаттардың сенім білдірген тұлғалары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан Республикасының Коммерциялық емес ұйымдарының бақылаушылары, халықаралық бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Николаевич Редкокашин дауыс беру рәсімі бойынша ақпарат берді. Нұр-Сұлтан қаласынан үш кандидат Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасының депутаттығына ұсынылды.
Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев 1961 жылы 13 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Nur Otan» партиясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының сессиясында ұсынылды.
Мейрамбай Әскербайұлы Оралов 1956 жылы 30 сәуірде Целиноград қаласында дүниеге келген, Тарихи мұра ескерткіштері мен нысандарды сақтау бойынша дирекция директорының орынбасары, «Ауыл» ХДПП мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылды.
Мәулен Естайұлы Самамбетов 1966 жылы 11 сәуірде Целиноград қаласында дүниеге келген, «Астана Орманы» ЖШС директоры. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылды.
Таңдаушылардың бірлескен отырысы барысында санитарлық нормаларға сәйкес қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Осы мақсатта дауыс беру пунктіндегі адамдар дезинфекциялық құралдарды, қорғаныс маскаларын, бір рет қолданылатын қолғаптарды пайдаланды, сондай – ақ 1,5-2 метр аралықта әлеуметтік қашықтықты сақтады.
Дауыс беру бір сағат ішінде өткізілді, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлаудағы дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейін бірден өтті.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Николаевич Редкокашин Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау бойынша дауыстарды есептеу нәтижелері туралы қалалық сайлау комиссиясының хаттамасын оқыды.
Таңдаушылардың жалпы саны - 21, дауыс беруге - 20 таңдаушы қатысты. Әрбір депутаттыққа кандидат үшін берілген дауыстар саны:
Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев 15 дауыс жинады.
Мейрамбай Әскербайұлы Оралов 3 дауыс жинады.
Мәулен Естайұлы Самамбетов 2 дауыс жинады.
Қалалық сайлау комиссиясының хаттамасы түпкілікті шешім қабылдау үшін Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес республика бойынша Сенат депутаттары сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей жариялайды.