Сенат депутаттығына кандидат ұсыну
16.06.2020
Бүгін Саят Бәтпеновтың төрағалық етуімен өткен кезектен тыс сессияның пленарлық отырысында қалалық мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың кандидатурасын ұсынды.
Бұдан бұрын, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде ұсынуға Ақылбек Күрішбаевтың кандидатурасын бекіту туралы шешім қабылданған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы қазан айында сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының өкілеттігінің конституциялық мерзімінің 2020 жылдың қазан айында аяқталуына байланысты, ағымдағы жылдың 12 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалды.
Қазақстанның сайлау туралы заңнамасына сәйкес, сенаторларды сайлаушы жергілікті мәслихаттың депутаттары болып табылады.
Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, 1961 жылы туған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ Басқарма Төрағасы, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының V және VI шақырылымының депутаты.
Өз әріптесін қолдап, елордалық мәслихат депутаттары Зәуре Жүсіпова мен Зейнолла Шибкенов сөз сөйлеп, Ақылбек Күрішбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына лайықты кандидат болып табылатынын атап өтті. Өзінің еңбек жолын комбайнердің көмекшісінен бастады, орта мектепті алтын медальмен аяқтап, содан кейін ауыл шаруашылығы институтын қызыл дипломмен аяқтап, кандидаттық және докторлық диссертацияларын табысты қорғап, өз саласында, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде еңбек етіп, Қазақстанның өркендеп дамуына зор үлес қосты, оның басшылығымен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының рейтингісінде 2-орында тұр, депутаттық корпус пен өз сайлаушыларының арасында лайықты беделге ие.
Кезектен тыс сессия отырысының қорытындысы бойынша елордалық мәслихаттың депутаттық корпусы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевты ұсынуға дауыс берді және тиісті шешім қабылдады.