Елорда ардагерлеріне әлеуметтік көмек
23.04.2020
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы онлайн форматта өтті.
Негізгі баяндамашы ретінде «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Илья Скуб сөз сөйледі.
Қалалық мәслихат депутаттары кейінге қалдыруға болмайтын шараларды талап ететін бірнеше мәселелерді қарады.
Біріншіден, депутаттар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгертуге байланысты Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық бағдарлардың жолаушылар көлігінде жол жүруге төлем төлеуден босату түрінде әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізуді талқылады.
Екіншіден, осы шешімнің орындалуына байланысты Астана қаласы мәслихатының 2019 жылғы 6 наурыздағы «Астана қаласы мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Ауғанстан аумағынан әскерді шығаруының 30 жылдығына орай қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» шешімінің күшін жойылды деп тану туралы мәселе қаралды.
Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күніне орай осы шешімнің негізінде Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар қатарынан Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген 1268 тұлғаларға біржолғы ақшалай төлемдер жүзеге асырылды.
Үшіншіден, депутаттар шешімде көзделген іс-шаралардың орындалуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2019 жылғы 3 мамырдағы «Нұр-Сұлтан қаласы Ұлы Отан соғысының қатысушыларымен мүгедектеріне Жеңіс күніне орай қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» шешімінің күшін жойылды деп тану туралы мәселені талқылады.
Осы шешімнің негізінде 2019 жылы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының 70 қатысушылары мен мүгедектеріне 24,5 миллион теңге (24 миллион 500 мың теңге) сомасында біржолғы төлемдер жүзеге асырылды.
Төртіншіден, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлауға байланысты, Нұр-Сұлтан қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету ережесін бекіту туралы мәселе талқыланды.
48 ардагерге – 850 000 (сегіз жүз елу мың) теңге мөлшерінде; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 409 тұлғаға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалардың басқа да санаттарына (3533 адам), тыл еңбеккерлеріне – 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем ұсыну көзделген.
Мәслихат шешімінің негізінде төлемдердің жалпы сомасы қандай екені туралы мәселемен депутат Қарақат Абден баяндамашыға жүгінді. Илья Скуб депутаттарға төлемнің жалпы сомасы 121 миллион 126 мың теңгені құрайтынын хабардар етті.
Бұдан басқа, комиссия отырысы барысында депутаттар 2020 жылы ТМД елдері мен Қазақстан аумағы бойынша батыр-қалаларға, Жауынгерлік Даңқ орындарына, әскери жерлеу орындары мен әскери ескерткіштерге бару үшін бір рет темір жол немесе әуе көлігімен жүзеге асырылатын ардагерлерді тегін жол жүрумен қамтамасыз ету тәртібін талқылады.
Отырыс соңында қалалық мәслихат хатшысының м.а. Мәжит Шайдаров депутаттарға екінші тоқсанға арналған мәслихаттың жұмыс жоспарына кіретін барлық іс-шараларды мүмкіндігінше жүзеге асыруды ұсынды. Депутаттар тұрақты комиссиялардың отырыстарын өткізу мерзіміне өзгерістер енгізу туралы мәселені талқылап, отырыстардың бір бөлігін мамыр айында және мүмкіндігінше онлайн форматта өткізуді ұсынды.
Депутат Мирас Шекенов карантин алынғаннан кейін де кейбір тұрақты комиссиялардың отырыстарын онлайн режимінде өткізуді, ал мәслихат сессияларының күн тәртібіне енгізілетін негізгі мәселелерді офлайн режимінде қарауды ұсынды.
Әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы барысында талқыланған мәселелер мәслихаттың таяудағы кезектен тыс сессиясында қаралатын болады.